«Менің қызым орамал тағады, сондықтан оны мемлекеттік мектепке кіргізбейді. Мен оны өзім кітаптармен оқытамын, ол ағылшын тілі курсына орталыққа барады», – дейді баласының орта білім ала алмай жүргеніне налыған Батыс Қазақстан облысындағы ана.
2016 жылы Қазақстанның Білім министрлігі мектептердегі діни атрибуттарға мемлекеттің ұстанымын бекітті. Оқушылардың бірыңғай формасы білім берудің зайырлы сипатына сәйкес болуы керек және «мектеп формасына әртүрлі конфессиялардың діни нанымдық киімінің элементтерін енгізуге жол берілмейді».
Дегенмен қыздардың мектепте діни киім киюі мүмкін деп есептейтін кей қазақстандықтар ҚР Конституциясына жүгінеді. Елдің негізгі заңында әркімнің діни сенім еркіндігіне құқығы бар және әр адамға мемлекеттік мектептерде тегін орта білім алуға кепілдік берілген.
Ақсайда (Батыс Қазақстан облысындағы қала) тұратын және аты-жөнін аноним қалдырғысы келген аналардың бірі Конституциядағы дәл осы нормаға сілтеп отыр. Оның діни себептермен орамал таққан бесінші сыныптағы қызын мемлекеттік мектепке кіргізбейді.
«Ол жақсы оқыды және үнемі белсенді болды. Оның оқуын жалғастыра алмайтынына ішім ашиды», – дейді анасы.
Оның айтуынша, мемлекет мұндай балаларға онлайн білім беру сияқты балама жол ұсына алар еді. Алайда Қазақстанда қазіргі уақытта қашықтықтан немесе үйде оқытуға рұқсат беретін заңнамалық база жоқ (мұндай тек ерекше қажеттіліктері бар оқушыларға рұқсат етілген).
Хиджаб киген қыздардың тағы бір амалы – жекеменшік мектептерде оқу.
«Мен баламды жекеменшік мектепке бере аламын. Мен несие алып, қарызға батып, қызыма мүмкіндік табамын. Бірақ мен мәселені шешкім келеді: егер біздің тегін білім алуға құқығымыз болса, ата-аналар неге бұлай істеуі керек?» – дейді анасы.
Алайда жекеменшік мектептерде де хиджаб киген қыздарға деген көзқарас әртүрлі.
Wunder Academy (Алматы) жекеменшік мектебінің PR бөлімі меңгерушісі Елена Вовнова мектепке небәрі үш жыл болғанын, сондықтан ішкі тәртіп әлі де қалыптасып жатқанын айтады.
«Бірақ бізде нақты ұстаным бар: қыздардың мектепте орамал тағу-тақпауын баланың ата-анасы шешеді. Дін – бұл отбасылық мәселе және біз бұған араласпаймыз. Бізде мектепте орамалмен жүретін оқушылар бар, еш мәселе туындамайды. Сондай-ақ біз үшін балаларға бәріміздің әр түрлі екенімізді және бұл ғажап екенін түсіндіру маңызды», – дейді Елена Вовнова.
Lakeview School (Алматы) жеке мектебі министрліктің жоғарыда келтірілген бұйрығына сәйкес жұмыс істейді. Яғни, мектеп формасында діни атрибутикаға жол бермейді.
«Біз мұндай өтініштерді кездестірген жоқпыз: мектеп әкімшілігіне [орамал тағу туралы] сұрақпен ешкім хабарласқан жоқ. Бірақ қазіргі ережелер осындай», – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Наталья Попова.
Мектеп өкілі мұғалімдердің оқушылармен және ата-аналармен үнемі сөйлесіп отыратынын айтады. Жиі бірлескен отырыстар өткізіп, онда маңызды мәселелер шешіледі.
«Біздің ұстанымымыз – диалог арқылы жауаптар табу және балама нұсқалар ұсыну. Егер сіз парасатты және дана болсаңыз, мұндай нәзік мәселеде де ымыраға келуге болады», – дейді Попова.
Қоғам қайраткері, парламенттің VIII шақырылымының депутаттығына кандидат Олжас Біләлов қашықтан немесе үйде оқытуға мүмкіндік беретін балама нұсқалар жасау керек деп санайды.
«Енді тығырықтан шығудың жолы жоқ – не дінді таста, не оқуды таста. Ал Конституция бойынша біз балаларды оқытуымыз керек, бұл біздің міндетіміз», – деп еске салады Біләлов.
Сондай-ақ оның пікірінше, зайырлы жүйе деген атеистік және діндарларды қудалау дегенді білдірмейді.
«Конституция бар, оны әркім орындауы керек және діндарларға қарсы әрекетке жол бермеу керек. Діндарлар мектепте Құран оқытылуын не басқа қыздардың орамал тағуын талап етпейді. Міне, ымыраға келу», – дейді құқық қорғаушы.
Байланыс маманы, «Тайный советник» PR агенттігінің директоры Айнұр Ұмаева мектептердегі діни киімдердің төңірегінде қалыптасқан жағдайға алаңдайды.
«Мен формаға қарсы емеспін, егер ол оқушылар да, олардың ата-аналары да құптайтын мектеп құндылықтарына сәйкес болса әрі ол визуал кодтың бөлігі ретінде мектеп қауымдастығын біріктіруге қызмет етеді. Бірақ форма қызу талқылаулардың өзегіне айналмауы керек», – дейді Ұмаева.
Ол барлық адамдар бір-бірінен ерекшеленетінін қабылдау және бір қоғам мүшелері әртүрлі болғаны үшін бір-біріне «шабуыл жасауға» дайын тұратын әдеттегі қағидалардан бас тарту маңызды деп санайды.
«Бұл зайырлы мемлекеттің нормалары деген дәлелдер сенімділігін жоғалтты. Бұл – дінге қарсы мемлекеттің нормалары. Діни киімге тыйым салуды жақтаушылар мұндай ережелердің Францияда тығырыққа тіреліп, әлеуметтік қарама-қайшылыққа апарып соғып жатқанын түсінбейтініне таңғаламын. Ол жақта мектептерде мұсылманша киім киюге тыйым қатайтылды, қыздарды да кіргізбейді, соның кесірінен елде қызу пікірталас толастар емес», – дейді Айнұр Ұмаева.
Әңгімелесушінің айтуынша, ол үшін ана ретінде мектеп баланың әлемді тануға құқығын құрметтеуі маңызды.
«Ең бастысы, біздің білім беру жүйемізде шешімін таппаған әлдеқайда күрделі мәселелер бар. Бұл мәселелерді әркімнің өзі боп қалу құқығын құрметтей отырып шешу маңызды», – деп түйіндейді Айнұр.
Қазақстан заңгерлер гильдиясының мүшесі Алексей Сон атап өткендей, ымыраға келу де, тыйым салу да өте нәзік мәселе.
«Бізге бұл мәселеде қателесуге болмайды не ешқандай тәжірибе жасай алмаймыз. Бұл қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін», – деп ескертеді заңгер.
Сарапшының пікірінше, қолданыстағы заңнама кей тұлғаларға артықшылық беруге жол бермейтін барлық діни ағым өкілдерін бірдей қолдайды.
«Қазақстанға мемлекет пен дін институттарының аражігін, сондай-ақ әртүрлі конфессия өкілдері мен дінге сенбейтіндердің арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет», – деп есептейді сарапшы.
Басты иллюстрация: Freepik.com