© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстанда араздық қоздырды деген айыппен сотталушылардың қатары өсіп келеді

Қылмыстық кодекстің 174–бабы бойынша сотталғандар экстремистер тізіміне қосылады, олар тіпті босап шыққанның өзінде жұмысқа тұрып, табыс табуға мүмкіндік бермейтін шектеулерге тап болады.


Подпишитесь на наш канал в Telegram!


Атырау тұрғыны Талғат Аян қазақстандықтардың көбіне жер мәселесі бойынша көтерілістерден жақсы таныс. Көбі оны Макс Боқаевпен қатар батыр санайды, өйткені олар 2016 жылдың сәуірінде қатысқан  митингтің нәтижесінде қазақ жерлерінің шетелдіктерге берілуіне мораторий жарияланған еді.

Бірақ сол жылдың қарашасында екеуі де Қылмыстық кодекстің үш бабы, оның ішінде 174 – «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша айып тағылды.

Талғат Аян (сол жақта) және Макс Боқаев (оң жақта). Photo: RFE/RL

Талғаттың колониядан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып шыққанына бір жылдан асты. Бірақ оның айтуынша, бостандықтағы өмір бұрынғыдай емес, өйткені қайда барса да қатаң шектеу алдынан шығады. Оны экстремизм үшін соттамаса да, 174–бап нақ экстремистік болып табылады.

Қазақстанның Қылмыстық кодексінде ол 2014 жылдың 3 шілдесіндегі редакциясында пайда болды, ал ресми күшіне 2015 жылдың қаңтарынан енді. Оған дейін соған ұқсас «араздық тудыру» деген 164–бап бар еді. Ол бойынша ең үлкен жаза 10 жыл бас бостандығынан айыру болатын және оны айыппұлмен алмастыру мүмкіндігі қарастырылған еді.  

Алайда 2015 жылдан бастап айыппұл нақты мерзіммен алмастырылып, 174–бап бойынша бас бостандығынан айыру мерзімі 20 жылға дейін ұлғайтылды.

174–бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру

Сонымен қатар, жазасын өтеп шыққан соң да осы баппен сотталғандар белгілі бір қызметтерге тағайындала алмайды немесе қоғамдық қызметпен айналыса алмайды. Бұл әсіресе шетелдік құқыққорғау ұйымдарымен әрекеттесетін азаматтық белсенділердің жолын байлайды.

Баптың тым қаталдығынан басқа заңгерлерді мазалайтыны – оның бұлыңғыр мағынасы.

«Баптың бұлыңғыр мәтіні кез келген адамды кез келген нәрсе үшін соттап жіберуге мүмкіндік береді. Дей тұрғанымен, пиғылды дәлелдеу керек. Адамның бір нәрсені айта салғаны жеткіліксіз, оны неге айтқанын анықтау керек, ол араздықты қоздырғысы келді ме? Егер адам араздық қоздырғысы келмегенін және әрекетінің салдары осындай болатынын айтса, бұл пиғыл болып саналмайды. Бірақ бізде пиғылды іс жүзінде дәлелдемейді», – деп пайымдайды адвокат Айман Омарова.

Қалай болған күнде де, қылмыстық қудалау органдары бұл бапты белсенді түрде қолданып келеді. Бас прокуратураның құқықтық статистика жөніндегі комитетінің ресми деректеріне сүйенсек, 2015 жылы Сотқа дейінгі тергеу бірыңғай тізімінде 174–бап бойынша 82 іс тіркелген. Ал 2016 жылы бұл сан екі есе артқан.

Аталған бап бойынша істердің күрт көбеюінің себептерінің бірі ретінде 2016 жылы Ақтөбе және Алматы қалаларында теракт болғаны аталады. Ал оған дейін сәл бұрын елдің кей қалаларында жер митингілері өтті, биліс сол оқиғалардан соң интернеттегі айтылғанды ауыр қабылдайтын жағдайға жеткен еді.

2019 жылдың алғашқы жартысында сотқа 21 іс түсіп, ол бойынша 32 адам жауапқа тартылды.

Талғат Аян үшін нақ 174–бап бойынша айыпталғаны күтпеген жайт болды. Іс соттың қарауына өткенде онда 70 том жинақталған еді, оның 30–ы – адамдармен жазысқан хабарламаларының скриншоттары мен телефон сөйлесулерінің жазбаларының жиынтығы. Талғат оның ішінен ешқандай алауыздық белгілерін таба алмады дейді, бірақ мемлекеттік сараптаманы негізге алған. Тәуелсіз эксперттердің қорытындылары есепке алынбаған.

«Эксперттер, филологтар және саясаттанушылар менің постыларымнан ешқандай алауыздық қоздыруды анықтамады. Тергеушілер постының өзін және астында жазылған комментарийлерді скандап алып, сараптамаға жіберген. Ал сарапшылар алауыздық қоздыруды менің постымнан емес, оған жазылған пікірлерден тапқан. Онда депутаттарды, үкіметті, президентті балағаттаған–мыс.

Сосын сотта осының бәрін әкеп: билік атынан таныстырылған әлеуметтік топқа деген әлеуметтік жеккөрінішті қоздырған деп мәлімдеді. Бірақ сарапшы биліктің қалайша жеке әлеуметтік топ бола алатынын басып айта алмады», – дейді Аян. Адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, бірқатар батыс елдерінде адамды осындай баппен жауапқа тарту үшін алдымен оның «экстремистік сөздерінен» кейін шынымен қылмыс – кісі өлтіру, күш көрсету, т.б. жасалғанын дәлелдеп шығу керек. Қазақстанда ондай тәжірибе атымен жоқ, ал осы баппен айыптаушылар тіпті «әлеуметтік алауыздықтың» не екендігін түсіндіріп бере алмайды.

Бауыржан Азанов. Photo: bureau.kz

«Анығына келгенде, әлеуметтік алауыздық деген ұғымның түсініктемесі заңда да жоқ. Ақыры Қылмыстық кодекске енгізген екен, оның не екенін де көрсетіп өту керек еді. Бірақ ҚК де, ҚПК де, Жоғары соттың нормативтік қаулылары да бұл туралы түсінік бермейді», – дейді Азанов.

Талғат Аянның ойынша, іс саяси негізде қозғалғандықтан, заңның орындалуы екіталай.

«Адвокаттың кез келген өтінішхатын қанағаттандырмай, бірақ айыптаушылардың әр өтінішхаты қанағаттандырылады. Саяси негізбен қозғалған істе әрдайым солай – заңды тек бетперде етіп алады», – дейді белсенді.

Ақталмайды

Статистика бойынша, 2014–2018 жылдар аралығында Қазақстанда 174–бап бойынша бір де бір айыптау үкімінің күші жойылмаған.

Айман Омарованың айтуынша, бұл бап бойынша айыпталушылардың маңдайында «радикал» деген жазу тұрады, сондықтан еш сот мұндай істе жауапкершілікті мойнына алып, ақтауға тырыспайды.

«Егер ақтап алса, кейін ҰҚК тағы бірталай бапты тауып алып, радикалды ақтаған соттың өзін айыптап шығуы мүмкін», – дейді адвокат.

Мұндай пайым айтуыға негіз бар.

Биылғы ақпанда Ақтау қалалық соты 39 жастағы Ақтау тұрғыны Айгүл Ақбердиеваны «сот құрамы анықталмаған» деген тұжырыммен ақтап шығарды. Оны «билікті тартып алуға шақырды» деген айыппен жауапқа тартқан еді. Ақыры прокуратура ол шешімге шағым түсіріп, Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалив қызметінен босатылды.

Ол қудалауға ұшырағанын мәлімдеп, халықаралық ұйымдардан көмек сұрады. Бірақ кейін сөздерінен бас тартты.

Дегенмен, 174–бап бойынша ақталып шыққандар бар. Бауыржан Азанов осы жылдың 31 шілдесінде қорғалушысының кінәсыздығын дәлелдей алғанын хабарлады. Бірақ бұл бірен–саран жағдайлар, дейді адвокат.

«Соңғы жағдайдағы жеңіске ықпал еткен нәрсе – бір сараптама алауыздық қоздыру белгілерін тапты да, екіншісі таба алмады. Сарапшылардың өздері бір бірімен тайталасып кетті. Осы жайттан соң сараптаманың қорытындыларына күмән туып, қылмыстық істі жабуға мәжбүр болды», – теп түсіндіреді Азанов.

Дін үшін зиян шегетіндер көбірек

174–бап бойынша жаза алғандардың ішінде аса қатты зардап шегетіндері – діни алауыздық қоздырды деп айыпталғандар, дейді заңгерлер. Олардың ақталып шығуға деген мүмкіндіктері әлдеқайда төмен, тіпті жоқ десе болады.

Оларды ұстау сәтінен бастап, айып тағып соттағанға дейінгі әрекеттер алгоритмі шаблон болып кеткен. Экстремизммен күрес басқармасының қызметкерлері интернетте, әдетте Vkontankte әлеуметтік желісінде отырып, діни мәліметтері бар қолданушылардың парақшаларын зерттейді. Әлдебір діни цитата немесе жай ғана сурет бөліскенін тосып, скриншоттарын жасап, сараптамаға жібереді.

«Ең басында мұндай істен еш қылмыс таппайды, сосын сарапшыларды тартады да, ақыры бірдеме табады. Бірақ қалай табады – белгісіз. Әсіресе бұл діни экстремизмге қатысты. Мұндай мәтіндерде құран сөздері көп болады. Бірақ діннің исі мұрнына бармайтын филолог келеді де: өй, мынауың барып тұрған діни алауыздықты қоздыру ғой, деп шешімін айтады», – деп мысал келтіреді Бауыржан Азанов.

Сараптамаға тіпті дін маманын тартқанның өзінде, дейді Айман Омарова, олардың ішінде де басқа ағымға сыңаржақ қарайтын мамандары бар.

Кісі өлтірушілер мен зорлаушылардан да жаман

Ұрлық, тонау және, тіпті, кісі өлтіру үшін сотталғандармен салыстырғанда, 174–бап бойынша жазасын өтеушілерге деген тергеушілердің қарым қатынасы әлдеқайда нашар, дейді Талғат Аян.

«Колонияда отырған кезімде 174–бап бойынша діни алауыздық қоздырды деп сотталғандарды көп кездестірдім. Оларға тіпті адвокатымен және туыстарымен жүздесудің өзі мұң», – деп еске алады Талғат.

Айман Омарованың айтуынша, сонымен қатар «алауыздық қоздырғаны» үшін сотталғандардың шартты түрде мерзімінен ерте босап шығуға қол жеткізуі өте қиын.

Айман Умарова. Photo: theopenasia.net

«Шартты түрде мерзімінен ерте босатылу туралы заңда көрсетілгендей, егер қылмыс нәтижесінде құрбандар болмаса, ерте босатылу мүмкін. Бірақ, кісі өлтіруші жағдайында өлім де бар, құрбан да бар, дегенмен олар босай алады, зорлаушылар да шыға алады – онда да зардап шегушілер бар ғой. Ал экстремистер шыға алмайды, онда ешкім зардап шекпесе де рұқсат жоқ», – дейді адвокат.

Заңгерлердің әңгімелері бойынша, 174–бап бойынша шартты түрде ерте босап шығу мүмкіндігі айыпталушылар тергеушілермен әрекеттескен жағдайда беріледі. Бірақ мұндай «әріптестік» босап шыққан соң да жалғасуы ықтимал.

«Оларды құқық қорғау органдарымен жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Үнемі сұхбаттасуға шақырып, сөз тасуға, нақты адамдарға қатысты түсінік беруге еріксіз көндіреді. Олардың отбасы мүшелерін де аңдиды. Мұндай адамдарға еркін өмір сүру мүмкіндігі жоқ десе болады», – деп түсіндіреді Омарова.

Бостандық деген – сол түрме

174–баппен сотталғандар босап шыққан соң әрекеттесуден бас тартса, оларға әлеуметтік–тұрмыстіқ өмірінде де тыныштық бермей, үнемі торуылдап жүреді.  

Талғат Аян артты түрде мерзімінен ерте босатылуға өтінішін бергенде еш үміті жоқ еді, ал осы жылдың 29 шілдесінде өтініші мақұлданды. Оның ойынша, босату себебі – әлеуметтік шиеленісті төмендету. Алайда, босап шыққан соң бірнеше күннен кейін Атырау прокуратурасы апелляциялық сот колегиясына арыз түсіріп, босатылуының күшін жоюды сұраған.

Қалай болған күнде де, белсенді еркіндікке шықса да, жұмысқа тұруға, табыс табуына еш мүмкіндік бермейтін шектеулердің бар екендігіне көзі жетті.

Айталық, 174–баппен айыпталғандар экстремистер тізімінде ұрандықтан, жұмысқа тұра алмайды. Сондай–ақ олар Қаржы мониторингі комитетінің тізімінде тұрғандықтан, ешқандай қаржы операцияарын іске асыруға құқығы жоқ.

«Мені жұмысқа ала алатындар – қолма қол ақша төлей алатындар ғана. Мен банк картасын аша алмаймын, ақша аудара алмаймын, аударылған ақшаны ала алмаймын, нотариус немесесақтандыру компаниясының қызметін алуға құқығым жоқ. Маған тіпті ломбардта қызмет көрсетпейді, өйткені экстремистер тізімінде тұрғаным бар. Несие дегенді атамаса болады», – дейді Талғат.

Заңгерлердің айтуынша, 174–баппен сотталу салдары шектен тыс қатал, және оны жұмсартып, экстремистік баптар қатарынан алып тастау қажет. Бауыржан Азанов бұл баптың адамды аздыратындығын айтады, өйткені адам әлеумет қатарлы жұмыс істеп, ақша табуына мүмкіндік мүлдем жоқ.

«Олардың өмірі зорлаушылар, өлтірушілерге қарағанда әлдеқайда ауыр. Жалпықылмыстық баптармен, тіпті кісі өлтіріп сотталғандар босап шыққан соң адам қатарлы өмір сүре алады, жұмысқа тұрады, социумға сіңеді. Ал мына адамдар нағыз әлеуметтік маргиналдарға айналады», – деп атап өтті адвокат.


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді