© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

IWPR Қазақстанның Түркістан және Қызылорда облыстарында радикалданудың алдын алу мәселелері бойынша сұхбаттасу кездесулері мен зияткерлік ойындарын өткізді

IWPR шараларына 447 адам – әлеуметтік қызметшілер, ЖӨБ өкілдері, жергілікті қауымдастықтардың көшбасшылары, теологтар, студенттер және діни қызметкерлер қатысты.

Тоғыз сұхбаттық кездесу мен бес зияткерлік ойын Түркістан және Қызылорда облыстарының аудандық орталықтарында өтті. Шараларды ұйымдастырған – IWPR–дың Орталық Азиядағы Өкілдігі, бұл істе «Дінді зерттеу орталықтарының қауымдастығы» заңды тұлғалар ұйымы, Түркістан облысы ішкі саясат басқармасы қолдау көрсетті.

Аталған шараларды ерекшелейтіні – дін мәселелері бойынша халықпен тығыз жұмыс жүргізуге назар қойылмайтын, орталықтан шалғай жатқан аудан орталықтарының қамтылуында. Жергілікті халық ішінде діни мәселелер, радикалданудың себептері мен факторлары бойынша білімін молайтатын, төзімділік құндылықтарын насихаттау үшін акторлар арасындағы өзара әрекеттестікті жақсартуға бағытталған профилактикалық шараларға сұраныс аса жоғары.

Мұндай шаралар осы аймақ үшін арнайы ыңғайланған, ақпаратының қарқындылығымен және молдығымен ерекшеленеді. Мақсаттарға жету үшін ұғынықты презентациялар, брошюралар, интерактив ойындар, сондай–ақ тест тапсырмалары әзірленді.

Ақпараттық–түсіндіру топтарының (АТТ) жүргізіп отырған жұмыстардың орасан екендігіне қарамастан, Қазақстанда діни мәселелер бойынша, радикалдану себептері мен факторлары туралы сауатты көтеру, сонымен қатар,  акторлар арасындағы байланысты нығайта отырып, төзімділік құндылықтарын насихаттау жөніндегі профилактикалық шаралар әлі де жеткіліксіз.

Сұхбаттық кездесулер радикалсыздандыру бойынша эксперт, «Дінді зерттеу орталықтарының қауымдастығы» ЗТҚ директоры, «Жас Отан» Кеңесінің мүшесі Азиза Жұмағалиеваның лекциясынан басталды. Сарапшы Қазақстандағы діни саясат, дін саласындағы заңнамалық база және зорлық экстремизмінің алдын алу үшін өзгенің діни сеніміне төзімділік танытудың маңызы жайлы айтты.

Дәріс кезінде діни топтарға қатысты қолдану құптала қоймайтын терминдер тиянақты түсіндірілгенін атап өткен жөн. Зайырлық қағидаттарын барынша кең таралуына баса назар қойылды. Сарапшы өз сөзінде Қазақстандағы барлық діндердің тең құқылы және ешқандай да дәстүрлі дін жоқ екендігін, сонымен қатар діннің мемлекет істеріне қатыстырылмайтынын атап өтті. Заңнамалық базаға байланысты сөзінде А. Жұмағалиева тыңдаушыларды заңға сәйкес, діндер туралы мәліметтерді тек арнайы ғибадат орындарында алу қажеттігін, олардың елдегі саны 3518 екенінен хабардар етті. Сондай–ақ, діни ұйымдардың өкілдеріне үй аралап насихаттауына тиым салынғанын, ал экстремистік әдебиет таратқаны үшін бас бостандығынан айыру қарастырылғанын айтып өтті.

«Шалғай орналасқан аудан орталықтарындағы халықпен жұмысты жалғастырудың маңызы аса зор. Халық зорлық экстремизмінің алдын алу бойынша нақты ақпарат пен нұсқаулықтарға зәру. Біз жай ғана ақпарат бере салмай, ел ішіндегі діни ахуал туралы шынайы деректер, азаматтарды шынымен алаңдататын сұрақтарды жинаймыз. Әр облыстың өзіне тән ерекшеліктері бар, ақпараттандыру әдістерін түрлі өңірде қолдана беруге келмейді, ыңғайлап отыру керек», – деп бөлісті Жұмағалиева.

«Дін бойынша мазалаған сұрақтарды арнайы мамандарға қою мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымыз. Мысалы, біздегі үлкен проблема – ауруға қарсы екпелер. Дінімізге қайшы деп, көп адамдар балаларын ектіруге қарсы. Бұл мәселені сарапшылар жақсылап түсіндіріп берді, енді мәселені шешуде сауаттанып алдық. Сонымен бірге біз дін туралы ақпаратты тек қана арнайы ұйымдардан алу керектігін білдік», – дейді Қызылорда облысында тұратын балалар дәрігері Мейрамкүл Ыбыраева.

Лекцияларда тиым салынған экстремистік, террористік ұйымдарға, сондай–ақ осындай ұйымдардың символикасы мен әдебиетін сақтау мен тарату үшін қарастылырған қылмыстық жауапкершілік баптарына шолу жасалды. Шараның бұл бөлігі тәмамдалған соң, радикалсыздандыру жөніндегі эксперт Сирия мен Ирактағы әскери қимылдар жүріп жатқан аймақтардағы Қазақстан азаматтарын елге қайтару бойынша арнайы операция туралы тоқталып өтті. Қатысушылардың басым көпшілігі әйелдер мен балалардың қайтарылуын қолдап ойларын айтты, сондай–ақ мәселені жасыру және қайтарылғандарды кемсіту азаматтардың одан әрі радикалдануына әкеледі деген пікірлерін білдірді.

«Кездесулер өте жақсы деңгейде өтті. Деструктив–радикал ағымдар елімізде аса белсенді қызметін жүргізді. Біз де оларға қарсы тұруға шамамыз жететіндей етіп, білімімізді шыңдауымыз қажет. Кездесу барысында пікірлерімізді таластыру аса пайдалы болды, менің қателескен тұстарым көп екен. Енді барынша адами және құқықтық қарым–қатынас орнату арқылы қоғамдағы радикалданумен күресуге болатынына көзім жетті», – деп ойын бөліседі Қазығұрт қаласының тұрғыны Салтанат Оңғарова.

Кездесу барысында қатысушылар адамдардың радикалдану себептері, деструктив–радикал ағымдардың адамдарды тартудағы және қызметіндегі психологиялық ерекшеліктер туралы біле алды. Психолог, оңалту бойынша сарапшы Резеда Баймұхамедова тыңдаушыларға жай ғана кикілжің немесе отбасындағы жанжал адамның радикалданып кетуіне себеп болуы ықтимал екенін айтып өтті. Оның сөзінше, адамдар дін туарлы ақпарат іздегенде емес, демеу мен әділетке зәру кезінде экстремистік ұйымдардың ықпалына оңай түседі.

«Өмірі қиындап кеткен адамдармен қалай жұмыс істеу керектігін нақты білуіміз қажет. Қатысушыларымыздың арасында тәрбиелеушілер, діни қызметкерлер, қоғамдық қызметкерлер көп – бұл азаматтар кез келген адамның радикалданып кете алатынын, мұндай өзгерістен сақтандырылған ешкім жоқ екенін ең жақсы түсінетіндер. Қауіп деңгейін төмендету, жағдайды ушықтырып алмай, қиын–қыстау кезеңде демеу білдіру – өз қолымыздағы нәрсе», – дейді Резеда Баймұхамедова.

Сессия аяқталған соң қатысушылар өздері куә болған проблемаларды талқылап, радикалданудың алдын алу бойынша өз пайымдарын бөлісті, спикерлерге сұрақтарын қойды. Тыңдаушылардың үлкен қызығушылығын туғызған тақырып Сирия мен Ирактан қазақстандық азаматтарды қайтару шарасы болды. Басым көпшілігі мемлекеттің маңызды қадам жасағанын, мұндай адамгершілік әрекет радикалсыздануға септігі тиетінін атап өтті.

Шаралардың екінші жартысында жастарға арналған интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылып, оған жастар ұйымдары мен мекемелерінің 120 өкілі қатыстырылды. Спикерлердің қатарында Азиза Жұмағалиева мен Резеда Баймухаметова болды.

Зияткерлік ойындардың бірінші бөлігінде Қазақстанның діни  алуандығына және төзімділікті насихаттау маңызы жайлы лекциялар оқылды. Эксперттер қатысушыларға ұсынған интерактив ойындарда әркімнің өз пікірі болуы мүмкін, бірақ әркім өз ұстанымына құқығы бар екенін көрсету мақсат етіп  қойылды.  Діни алуандықты проблема емес, байлық деп қабылдануы керек. Қатысушыларға елдегі қазіргі діни ахуал жайында, сонымен қатар тиым салынған ұйымдар туралы мәліметтерді қайдан алуға болатыны туралы баяндалды.

Зияткерлік ойындардың екінші бөлігінде қатысушыларға тест тапсырмалары берілді. Қатысушылар топтарға бөлініп, экстремизм, заңнама негіздері мен адам құқығы негіздері тақырыптарында білім жарыстырды. Ойын нәтижелерін қорытындылай келе, эксперттер дұрыс жауаптарды талқылап өтті. Талдау барысында қатысушылар зорлық экстремизмнің проблеманы шешудегі өз ұсыныстарын жасады, қызықтырған сұрақтарын қойды.

«Мен осы шараны ұйымдастырушыларға алғысым мол, діни ахуал мен ел заңдары, экстремистік топтардың қызметі туралы біліп алуыма жақсы мүмкіндік болды. Әсіресе ойындардың керемет өткендігін айтқым келеді. Әдетте бізге тек лекция оқу үшін келеді, ұйқымыз кеп, әзер отырамыз. Ал бұл жолы өте қызық және танымды өтті. Ең қатты ұнағаны – осал топтардың мүдделерін қорғауымыз керек болған ойын», – дейді зияткерлік ойындардың қатысушысы Артур Филипов.

Шараларға қатысқандардың барлығына заңдардың үзінділері, конфессияаралық кеңес туралы, Қазақстан Республикасындағы діни алуандық жайлы мәліметтер, сонымен қатар, диалог құрудың жолдары туралы айтылған ақпараттық брошюралар таратылды.

Кездесулер  IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында ұйымдастырылады

 

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: