Әлеуметтік желіде дін тақырыбында жазба жарияламас бұрын мемлекеттік сараптамадан өту керек пе? Бұл тұрғыда заң анық емес және кең түсінік беруге мүмкіндік береді. CABAR.asia редакциясы мұндай түсіндірудің неліктен мүмкін екенін және діни материалдардың барлығын сараптамадан өткізу қажет пе деген сұрақтарды қарастырады.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда діни сараптама жүргізу қажет болатын алты тармақ көрсетілген. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар діни әдебиеттерді дайындау, шығару және тарату кезінде, сондай-ақ діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды тексеруі керек делінген.
«Діни мазмұндағы ақпараттық материалдар» дегеніміз не? – деп сұрайды дінтанушы, IWPR жоба үйлестірушісі Аян Орынтай. «Заңға сәйкес, бұл кез келген материалдық тасымалдағыштағы баспа, электрон және діни сипаттағы барлық ақпарат».
Нәтижесінде мыңдаған материалдар сараптамадан өтеді.
«2022 жылы 2245 материал бойынша діни сараптама жүргізілді, оның ішінде 418-і ҚР аумағында таратуға және пайдалануға ұсынылмаған, ұсынылғаны – 1576, діни мазмұндағы емес, бүлінген және шет тіліндегілер саны – 251. 770-тен астам интернет-ресурстың мазмұнына талдау жасалды, оның ішінде 275-де заңсыз сипаттағы материалдар бар екені анықталды», – деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті.
«Діни мазмұндағы ақпараттық материалдар» ұғымын кең түсінуге болатындықтан, оған әлеуметтік желілердегі жазбалар да кіреді. «Бұл тіпті қасиетті кітаптар – Құран, Інжіл немесе діни қызметкерлермен сұхбаттары бар посттар болуы мүмкін. Тәжірибе көрсеткендей, бұл үшін әкімшілік жауапкершілікке де тарта алады. Бұл, әрине, сирек кездесетін, ережеден тыс жағдай», – дейді Орынтай.
Заңгер, «Құқықтық медиа орталық» қорының тең құрылтайшысы Гүлмира Біржанова діни мазмұндағы материалдарды заңсыз тарату істері бойынша қалыптасқан сот тәжірибесіне назар аударады.
«Бұл кейстердің көбі әлеуметтік желілердегі жазбаларға қатысты: олар заң нормаларына тіреледі. Бірақ посттарға сараптама жүргізу – абсурд», – дейді Біржанова. Бұған қаншалық мемлекеттік ресурс кететінін елестете аласыз ба!»
Гүлмира Біржанова тыйым салынған мазмұндағы және ашық діни өшпенділікке шақыратын жазбалармен Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерде белгіленген тетіктер арқылы күресу керектігін айтады. Яғни, барлық діни контентке сараптама жасауды міндеттеудің қажеті жоқ.
Шынында да, материалдардың мұндай жиынын бағалау қажет пе, бұл ақылға қонымды ма? Бұл сұраққа Дін істері комитеті былай деп жауап берді:
«Діни сараптама діни көзқарастар мен діни әдет-ғұрыптардың діни ілімді ұстанушыларға теріс әсер ету ықтималын бағалау және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасының нормаларына қайшылықтарды анықтау мақсатында жүргізіледі».
Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі сарапшы Юлия Денисенко да осындай пікірде.
«Бұл дінаралық алауыздыққа, экстремистік идеялардың таралуына, кәмелетке толмағандардың діни бірлестіктердің қызметіне ата-анасының рұқсатынсыз тартылуына байланысты жағдайлардың алдын алу үшін қажет процесс», – деп атап өтті Денисенко. «Мен сот процестері аясында екі (!) жастан бастап балаларды тартуды қарастыратын нақты нұсқаулықтарға да, өзге пікірдегілерді физикалық түрде жоюға шақыратын үндеулерге де қорытынды жасауыма тура келді».
Бір жағынан, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік пен радикал идеологияның таралу қаупіне алаңдауы барша қазақстандық қоғамға түсінікті. Екінші жағынан, Қазақстан сияқты демократиялық, зайырлы мемлекетте діни сенім бостандығы мен пікір еркіндігін де қорғау қажет. Бұл туралы діни сенім бостандығы туралы сараптамалық баяндаманың авторлары айтып, жалпыға бірдей міндетті діни сараптаманы жою мәселесін қарастыруды ұсынып отыр.
Негізгі иллюстрация: Freepik.com