Оралда орыс православие шіркеуінің ескі сенушілер қауымы сақталған. Қауымда ресми түрде 50 адам бар, бірақ тауап етуге бірнеше есе аз келеді. Діндарлар 1888 жылы салынған шіркеуін өз қаражатына жөндеп, ХVII ғасырға дейін болған орыс православие шіркеуінің дәстүрін сақтайды және қазақ билігіне қысым көрсетпегені үшін алғыс білдіреді.
Оралдағы ескі діндарлар қауымының үш ғасырлық тарихы бар. Қазақстандағы ескі сенушілердің жалғыз діни қызметкері Константин әкейдің (Гаранин) айтуынша, оларды қудалау ХVII ғасырда басталған. Сол кезде патриарх Никон Алексей Михайлович Романов патшамен бірге Русьте Х ғасырдан бері қалыптасқан барлық әдет-ғұрыптарды бұзуды шешкен.
«Олар түсіндірместен және еш талқылаусыз бәрін талқандап, орыс православие шіркеуінің әдет-ғұрыптарын грек шіркеуімен біріктіруге шешім қабылдады. Патша нағыз грекофил болды және шіркеуде осындай эксперимент жүргізуді шешкен. Олар ашық түрде: «Біздің орыс әулиелері сауатсыз, білімі нашар болған, сондықтан олардың тәжірибесін қолданып керек емес. Бәрін қайтадан жасаймыз», – деген дейді Константин әке.
Алексей Романов патшаның шешімінен кейін Ресей империясында Киелі кітап, Інжілді және барлық діни кітаптарды қайта аударды. Осыған сәйкес барлық сыйынулар өзгерді, тауап ету қысқарды, қасиетті рәсімдердің дәрежелері өзгертіліп, қысқартылды.
«Әрине, сенушілер мен шіркеуге бей-жай қарамайтындар бұған қарсы шықты. Сол сәттен бастап христиан ескі сенушілеріне қарсы қатаң шаралар қолданылды: олар сенімдері үшін өлім жазасына кесілді, мал-мүлкінен айырылып, қуғынға жіберілді », – дейді Константин әке.
Қазір Оралдағы ескі сенушілердің өз ғибадатханасы бар, ол Покров Пресвятой Богородицы деп аталады. Бұл ғимарат 1888 жылы салынған, оны ескі сенушілер тұрғызған, бірақ бір ғасырға жуық дұға ету мүмкіндігі болмаған.
«Түркістан түбіндегі Иқан шайқасынан (есаул Серовтің Орал казак полкі мен Қоқан әскері Әлімқұл арасындағы қақтығыс, 1864 ж. – ред.) кейін шайқасқа қатысқан жайық казактары батыр атанып, биліктен нақты не үшін екені белгісіз осы жер учаскесін сұраған деген аңыз бар. Кейінірек бұл жерде ғибадатхана пайда болған», – деп Константин әке аңызды айтып берді.
ХІХ ғасырдың аяғында, ғибадатхана салынып жатқан кезде, Константин әкенің айтуынша, біршама жеңіл болған, билік тарапынан қудалау соншалық қатаң болмаған. Бірақ бәрібір ескі сенушілерге ғибадатхана, яғни шіркеуге ұқсайтын ғимараттар салуға тыйым салатын заң күшінде болған.
Сондықтан олар қос еңісті шатыры бар төртбұрышты қорап жасап, жайлап дұға ете бастаған. Бірақ көп ұзамай билік мұнда сыйынып жүргенін біліп, ғибадатхананы жабып, мөр басады. Бұл 1889 жылы болды.
Константин әкенің айтуынша, ғибадатхана 13 жыл бойы жабық тұрған. 1905 жылы ІІ Николай патша барлық конфессияларға көпшілік алдында дұға етуге және өздері үшін ғибадатхана ғимараттарын салуға мүмкіндік беретін жарлық шығарады. Оралдағы ескі сенушілер қол жинап, императорға ғибадатхана ашуға рұқсат беру туралы өтініп қағаз жіберген. Патша келісім береді.
1907 жылы Оралдың ескі сенушілері ғибадатхананы жарықтандырып, сол жерде қызмет ете бастады. 1934 жылы, Кеңес үкіметі кезінде, Орал ескі сенушілер шіркеуінің діни қызметкері тұтқындалып, шіркеу жабылды. Содан кейін ғимарат Қорғаныс министрлігіне берілді. Соғыс жылдарында ғимаратта лазарет, ал соғыстан кейін және 1985 жылға дейін «Сокол» әскери байланыс бөлімшесі орналасты. Кейінірек ғибадатхана «Водстрой» кәсіпорнына берілді. Ғимаратты кәсіпорын басқарған кезде онда клуб ұйымдастырылды: фильмдер көрсетіліп, пластинкалар ойнаған. Ғибадатхана келушілерінің айтуынша, қайта құру кезінде онда тіпті дискотекалар ұйымдастырылған.
«Ғимарат 1993 жылы ғана діндарларға қайтарылды. Бұл жер әбден қираған: қабырғалары жарылып, бір жерлері опырылып түскен, электр сымдары мен жылу жоқ болды», – деп есіне алады Константин әке.
Константин әке шіркеуге 20 жасында келгенін айтады: «Орынборда ескі сенушілер ғибадатханасын көріп, қызығып кіріп, сонда қалып қойдым. Ол кезде мен бұл туралы мүлдем ештеңе түсінбедім, діни тәжірибем де жоқ еді. Менің отбасымда тек әжем ғана сыйынатын. Ол маған анда-санда шам сатып алуымды өтінетін».
Орынбордағы ескі сенушілер шіркеуінде Константин Гаранин алдымен келуші болды, содан соң диакон етіп тағайындалды, ал екі жылдан кейін оны Оралға жібереді, ол онда отбасымен келіп, ескі сенушілер ғибадатханасында діни қызметкері болып қызмет ете бастайды. Сондықтан оның ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап Орал ғибадатханасындағы алғашқы тұрақты діни қызметкер болуының тарихи салдары бар.
«Соңғы діни қызметкер 1934 жылы тұтқындалды. 80 жыл бойы мұнда тек уақытша келушілер болған, басқа қалалардан қысқа мерзімге: бір аптаға, бір айға, сөйлесу, ғибадат ету үшін келген, бірақ тұрақтылары болмаған», – деп еске алады Константин әке.
Ескі сенушілер жергілікті билікпен жақсы қарым-қатынаста – оларды әкімдіктегі дөңгелек үстелдер мен кездесулерге шақырады.
«Біздің қауым ресми тіркелген. Біз билікке қысым көрсетіп, тиіспейтіні үшін алғыс білдіреміз, олар бізге ешқандай көмек көрсетпейді, бірақ осығанда ризамыз », – деп түсіндіреді діни қызметкер.
Оның айтуынша, олардың қауымының төрағасы ғибадатхананы қалпына келтіруге көмектесу үшін бірнеше рет әкімдікке, тіпті президент әкімшілігіне де жүгінген, бірақ ескі діндарлар әр жолы қаражат жоқ деген жауап алған. Олар тек тарихи ескерткіштерді қорғау департаментінен өздерінің шіркеуін тиісті жағдайда ұстау туралы бұйрық алып отырады.
«Қазіргі ғибадатхананың сыртқы көрінісіне 20-30 жылда қол жеткіздік. 3 жылда жасауға болатын нәрсені жасау үшін бізге 30 жыл қажет болды», – деп шағымданады діни қызметкер.
Ескі сенушілер өз күштерімен ғимараттың ішкі бөлігін әжептәуір күйге келтірді, бірақ қалпына келтіру жұмыстары азайған жоқ: әлі шатыр мен іргетасты жөндеу қажет. Қауым ғұшырға өмір сүреді, яғни айына бір рет ғибадатханаға баратын әр адам жалақысынан не зейнетақысынан табысының 10 пайызын береді. Жарна ерікті, нақты бекітілген сомасы жоқ. Бұл қаражаттың көп бөлігі ғибадатхананы жөндеуге жұмсалады.
2023 жылдың 4 маусымында Қасиетті Троица православиелік мейрамының құрметіне арналған ғибадат кезінде CABAR.asia тілшісі ғибадатханада 15 ескі сенушіні санап шықты.
Ескі сенушілер ғибадатханасына келушілер неліктен азайып бара жатыр деген сұраққа діни қызметкер Оралдың діндарлары арасында ескі сенуші православие шіркеуінің қағидаларын ұстанған жайық казактарының біраз ұрпағы тұратынына қарамастан, ұрпақтар сабақтастығы бұзылған деп жауап берді.
Себебі Оралда ұзақ уақыт бойы ғибадатхана болмаған. «Жаңа сенушілер» үшін Спасо-Преображенский шіркеуі ешқашан жабылмады, олардың келіп дұға етуге мүмкіндігі болды, сенім жібі жалғасып, байланыс сақталды.
«Әжесі немересін шіркеуге апарады, баланың балалық шақтағы әсерлері сақталады, сосын ол өскен кезде оны бала кезінде алып барған жерге келеді. Ал бізде бір үйде, сосын басқа үйге жиналатын. Былайша айтқанда, жасырын өмір сүрді. 1960 жылдары Новосібірден діни қызметкер келді, сол уақытта Оралға 60-70 ескі сенуші жиналып, адамдар жер үйдің ауласына сыймайтын. Қазір адамдар аз», – дейді діни қызметкер.
Константин әкенің айтуынша, Оралдың ескі сенушілері ешқашан басқа конфессия өкілдерімен қақтығысқан емес, ал мұсылмандар тіпті өзара ұқсас дүниелер байқаған.
«Мұсылмандар бізге құрметпен қарайды. Олар бізге: «Сізде де біздікіндей кілемше, таспиқ бар» дейді. Мұның бәрі ежелгі дәстүрлер. Біздің кілемшелеріміз «қол асты» деп аталады, біз оны сәжде жасағанда еденге қоямыз. Олар қолды таза ұстау үшін пайдаланылады, таспиқ та мұсылмандардікіндей, тартып, дұға оқимыз», – деп түсіндіреді Константин әке.
Діни қызметкердің айтуынша, ескі сенушілердің Ұлы канон қызметі бар, бұл кезде келушілер 1000-нан астам сәжде жасайды.
Константин әке Оралдан кететін ойы жоқ екенін айтады: «Діни қызметкер Құдай шіркеуге әкелген әр адамды құтқаруға тырысуы үшін тағайындалады. Ал мен мен Құдай осы қаладағы ғибадатханаға бәрін әкелді ме, білмеймін», – деп қорытындылады діни қызметкер.
Барлық суреттер: Талғат Омаров