© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Астанада Interfaith Fеstival конфессияаралық фестиваль өтті

Астанада Interfaith Fеstival конфессияаралық фестиваль өтті

26-27 шілде күндері Қазақстанның астанасында «Әртүрліліктегі бірлік» ұранымен конфессияаралық фестиваль өтті. Бұл бірегей шара әртүрлі қауымдастықтар мен мәдени дәстүрлердің өкілдерін біріктіріп, өзара түсіністік пен құрмет атмосферасын қалыптастырды. Фестиваль әр адам шабыт пен жаңа білім таба алатын нағыз мерекеге айналды.

Бірінші күн: Білім мен тәжірибе әлеміне ену

Фестивальдің бірінші күні қонақтар бірден жәрмеңкеге келді. Жәрмеңкеде түрлі діни қауымдастықтар шеберлік сабақтары мен көрмелер арқылы өз дәстүрлерін көрсетті. Жәрмеңкеде мехенди салып, органикалық дәм татып, суретші-карикатуршылардың жұмысын тамашалап және тіпті фестивальдің басқа қатысушыларымен бірге өз суретіңізді салуға болды.

Ашылу салтанаты шараның салтанатты өңін берді. Сәлемдесу сөзін ҚР Мәдениет министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Әнуар Хатиев пен «Контртеррористік комитет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Оразбаев сөйледі.

Сол жақта – Әнуар Хатиев, Дін істері комитеті төрағасының орынбасары, оң жақта – Аманжол Уразбаев, «Контртеррористік комитетінің» төрағасы

Әнуар Хатиев фестивальдің бірегей форматын атап өтті: «Бұл алаң – жаңа, ерекше тәжірибе. Біз іс-шаралар өткізген кезде, негізінен, діни бірлестіктермен әрекеттесеміз, бірақ бұл алаңда әртүрлі бірлестіктерді танытатын кәсіпкерлік өкілдері тыңдалады. Бұл тек діни бірлестіктерге ғана емес, бизнес өкілдеріне де өз мәселелері мен қазіргі даму деңгейін талқылауға мүмкіндік беретін ерекше алаң. Жалпы, біз мемлекет ретінде, осындай шараларға қатысуға қуаныштымыз және дайынбыз».

Аманжол Оразбаев сөзін былай деп жалғастырады: «Бәріміз әртүрлі болсақ та, бірлігіміз жарасқаны қандай жақсы. Біздің бірге болуға деген талпынысымыз ортақ. Бұл алаң бұрынғыдан да көп жаңа достар табудың және ескі таныстармен кездесудің тамаша мүмкіндігі. Ең бастысы, осы оң тәжірибені алдағы уақытта өз жұмысымызда пайдалану үшін осында тәжірибе алмасып, байланыс орнатуымыз керек».

Ресми бөлімнен кейін төрт шеберлік сыныбы басталды. Алғашқы болып сөз алған Павлодар облысы бойынша «Конфессияаралық қатынастарды зерттеу және дамыту орталығының» директоры Гүлназ Раздықова жаны жаралы жандармен жұмыс тәжірибесін бөлісті. Оның әңгімесі практикалық кеңестер мен терең эмпатияға толы болды.

Кришна санасы қоғамының өкілі, «Organic Village» ЖШС директоры Ринат Жапаров өзінің діни сеніміне сүйене отырып, этикалық және экологиялық бизнесті қалай жүргізу керектігін айтып берді.

«Қасиетті жазбалардың барлығы ұқсас, өйткені оларда адам өзі үшін өмір сүріп, жай ғана ақша таппау керек деген идея бар», – деді Жапаров.

Үшінші сөз бахаи қауымының өкілі, «Smart Zebra» қосымшасының негізін қалаушы Бағлан Аязбаевқа берілді. Оның шеберлік сабағының тақырыбы «Неліктен стартаптар әлемді жақсартқысы келеді?» болды. Ата-ана және білім беру қызметкері ретінде оны балалардың гаджеттерге тәуелділігі қатты алаңдатады. Спикердің айтуынша, оның қосымшасын балалардың смартфон қосымшаларына тәуелді болу қаупін ескерген кәсіби мұғалімдер әзірлеген. Шеберлік сабағының нәтижесінде қатысушыларға қоғамның дамуына үлес қосатын жеке стартап жасауға мүмкіндік берілді. Жеңімпазға ақылды «Яндекс» дыбыс құралы табысталды.

Шеберлік сабақтар топтамасын тәжірибелі мұсылман, «Trustme.kz» компаниясының негізін қалаушы Шыңғыс Дәулетбаев «Әдепті іскерлік және тараптардың келісімі» тақырыбымен аяқтады.

Ол онлайн келісімшарттар жасауға маманданған компания құру идеясына қалай келгенін айтып берді: «Trust Contract идеясы қасиетті Құран кітабынан келді, онда: «Сіз келісім жасасаңыз, оны куәгерлер – екі еркек пен бір әйелдің көзінше жазып алыңыз» делінген.

Ол осы білімге сүйене отырып, «куәгерлерді» жаңа блокчейн технологиясмен алмастырып, «ақылды» келісімшарттар жасады.

Дін мен бизнестің арақатынасы туралы айта отырып, Дәулетбаев діннің өз ісін дамытудағы маңызды этикалық рөлін атап өтті.

«Біздің еліміз бір кездері басқа елдер сенім артқан Швейцария сияқты үлкен дауылды әлемдегі тыныштық мекені. Мен еліміздің осындай мекен болып қала беретініне сенемін және ниет етемін. Бизнеспен айналысатын адамдар мұны әдепті және адалдықпен жасайтынына көз жеткізу үшін бұған сенім де көмектеседі деп ойлаймын. Өйткені иман бар кезде біреудің сені бақылап тұрғанын, бұл уақытта жалғыз емес екеніңді білесің, әр дін ізгілік пен инабаттылықты уағыздайды», – дейді Дәулетбаев.

Шеберлік сабақтары аяқталғаннан кейін барлық қатысушылар жәрмеңкеге қайта келіп, бейресми ортада әңгімелесе алды. Жергілікті мемлекеттік органның өкілі атап өткендей: «Біз бұл фестивальде әртүрлі конфессия өкілдерін көріп отырмыз және олардың айырмашылықтарына қарамастан, олардың барлығы Құдайдың бір екеніне келіседі …»

Екінші күн: шабыт пен ой-толғау

Фестивальдің екінші күні шабыттандыратын Belief Talks-пен басталды. Сөз сөйлеу небәрі 5-7 минутқа созылды, бірақ әр минуты терең мағынаға, жеке хикаяларға толы болды. Барлық баяндамалар сенімнің қалай қиын өмірлік жағдайлардан шығуға көмектескені туралы болды.

Гульжан Байгазиева

Гүлжан Амандыққызы қиындықтарды жеңу тәжірибесін айта отырып, қиын сынақтардан кейін өмірге қалай оралуға болатынын айтты.

Айгүл Салихова мисаулық пен ішкі тепе-теңдіктің маңызды аспектілеріне тоқтала отырып, өз-өзімен қалай үйлесімді өмір сүруге болатынын айтты: «Біз рухани деңгейде бәріміз бірдейміз, мейірім, махаббат, адалдық сияқты қасиеттер бәріміз үшін маңызды. Бұл әмбебап, конфессияларға ортақ қағидалар, біз осы ұстанымдарды білдіруде ғана ерекшеленеміз. Сондықтан, осы қағидалар аясында біріге отырып, біз бір-бірімізге көмектесеміз және әлем деградацияға емес, дамуға бет алады».

Мәншүк Әбдікәрімова жасөспірімдік кезеңнің әлеуетіне тоқталды. Оның сөздері қатысушыларды шабыттандырды, ол жастарға талпыныстары мен армандарына қолдау көрсетудің маңызын еске салды.

Айгуль Салихова

Қайырымдылық қорының басшысы Владимир Секишев әр адам үшін екінші мүмкіндіктің маңызы мен оның ұйымының қалай бұрынғы ішімдік пен есірткіге тәуелді жандарды оңалтумен айналысатынын айтып берді.

Сондай-ақ Кришна санасы қоғамының мүшесі Болат Бекмағамбетов, протестантизм өкілдері, қарағандылық қонақтар Сергей Качалов пен Яков Лебедкин де жеке мотивациялық хикаяларын баяндады.

Екі сағаттық әңгімеден кейін қатысушылар Қазақстандағы әртүрлі діндердің бірлігін көрсететін ортақ картинаны аяқтап, бір-бірімен жақынырақ танысып, әңгіме-дүкен құру үшін жәрмеңкеге қайта жиналды.

Астанадағы конфессияаралық фестиваль диалог, өзара сыйластық пен бірлескен шығармашылық кеңістік құра отырып, әртүрлі мәдениеттер мен діндердің бірігуінің жарқын үлгісін көрсетті.

 

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: