© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Агностиктер деген кімдер және олардың Қазақстан мен Қырғызстандағы жағдайы қалай?

Эксперттер агностицизм деген Құдайды немесе құдайларды жоққа шығару емес, оның бар екендігін танудың мүмкінсіздігін мәлімдейді. Агностиктердің айтуынша, адамдар оларды үнемі атеистермен шатастырады.


Подпишитесь на нашу страницу в Facebook!


*Материал CABAR.asia порталының аудиторияға Орталық Азия елдеріндегі діни алуандық туралы ақпарат беру мақсатындағы мақалалар топтамасы аясында жарияланған. Авторлар қандай да бір діни конфессияны насихаттауды көздемейді.

Қырғызстан мен Қазақстанда қанша агностиктің тұрып жатқандығы туралы ресми дерек жоқ. Халық санақтары мен зерттеулер әдетте тек атеистердің санын ескереді, яғни атеизм мен агностицизмнің ара–жігін ажыратып жатпайды. 2016 жылы Қырғызстанда Дін істері жөніндегі мемкомиссия «Діни фактордың Қырғыз Республикасындағы әлеуметтік–саяси ахуалға ықпалы» әлеуметтік зерттеуінің аясында халықтың діни тиістілігін анықтау мақсатында сауалнама  жүргізді. Халықтың 98,4%–і өзін дін ұстанатынын, 0,7%–і өздерін еш дінге жатқызбайтындығын, ал 0,4% жауап беруге қиналатынын айтқан.

«Open Doors» христиан құқық қорғау ұйымы (АҚШ) 2019 жылдың басында қазақстандықтардың 578 мыңы немесе ел тұрғындарының 3,1%–і өздерін агностик деп санайтыны жөніндегі деректерін келтіреді.

Юлия (Қазақстан), 22 жаста:

[quote class=»c»]Мен өзімді жасөспірім кезімнен агностик деп санаймын. Шамамен 12 жасқа келгенімде мен қайдан пайда болдым және отбасым қайдан шықты деген сұрақтар мазалай бастады. «Агноцистизм» деген термин туралы бірнеше жыл өткен соң бірақ білдім. Мен планетамыздағы өмір өздігінен пайда болмағандығын жақсы түсінетін едім. Осы тақырыпта көп оқыдым, көп іздендім, тіршілік иелерінің қалай пайда болғандығы жөнінде өз ұстанымдары бар адамдармен көп араласып, тілдестім. Барлық діндердегі айтылатын нәрселерге ептеп сендім, бірақ діндердің бәрінде мүлдем келісе алмайтын нәрселерім де болды.

Інжілді оқып бітірген соң анық түсінгенім: ешбір дін менің ойлайтыным мен түйсігіме сәйкес емес. Сол кезде жақсы араласатын досым маған агноцистизм туралы айтып берді.

Ақыр аяғында мен құдайлардың ішінен қалайда біреуін таңдап алып, құлдық ұруға, сол арқылы өзімнің қайдан пайда болғанымды түсіндіруге тырысуға міндетті емеспін деп шештім. Діндерде маған аса ұнамайтыны – конфессиялардың әрқайсы жетістіктерді өз есебіне жазып алуға тырысып бағады. Діндегі адамдар үнемі бір біріне әлденені дәлелдеу үшін қызылкеңірдек болып, таласады да жатады, өйткені олардың сенетін құдайлары әртүрлі. Бұл шынымен біртүрлі.

Мен жер бетіндегі тіршілік әлдебір ұлы күштің арқасында пайда болғанына сенемін, бірақ сол бір «Құдайдың» образын қалыптастыра алмай қойдым. Бәлкім, ол күштер абстрактылы шығар, тіпті олар әлдебір бөгдепланеталық жаратылыстармен, мүлдем басқа әлеммен, өзге өркениетпен байланысты болар. Дәл осы себептен мен өзімді біреулер ойлағандай атеист деп емес, агностик деп санаймын.

Қандай да бір қысым көрмедім, тек анда–санда естіп тұратыным – түрлі діни конфессия өкілдерінің «жасың келе нақты бір нәрсеге сене бастайсың» деп көндірмек болатыны. Алайда мен атеист пен агностиктің ара–жігін ажырата алмайтынын және мені «құдайға сенбейтін адам» деп қабылдайтын адамдарды өте жиі кездестіремін. Олай емес, мен де сенетіндердің қатарынанмын.[/quote]

Photo: CABAR.asia

«Агностицизм» ұғымы 1869 жылдан бастап, Томас Генри Хакслидің (Гексли) – биолог және геолог, Чарльз Дарвиннің жолын ұстанушы ғалымның енгізуімен қолданылып келеді деген дерек бар. Әу баста ол өзінің дүниетанымдық ұстанымын айқындайтын сөз іздеген болатын, солайша «агностик» деген ұғымды ойлап тапқан.

«Үлкен ресейлік энциклопедиядағы» түсініктемеге сәйкес, агностицизм жиі жағдайда Құдай (немесе құдайлар) мен «жасырын әлемдер» туралы анық білудің мүмкін еместігін жорамалдау деп сипатталады және кейде атеизммен жөнсіз шатастырылады.

Қазақстандық дінтанушы Дәурен Тойматаевтың айтуынша, агностиктер әлемнің бастауы әлдебір құдай құдіреті екенін жоққа шығармайды, бірақ оны сөзсіз ақиқат деп тануға дайын емес, өйткені оны дәлелдейтін дәйектер агностик үшін жеткіліксіз. Агностиктер үшін Құдай деген кім және оның түр–сипаы қандай деген сұрақтың жауабы абылмаған.

«Агностицизм философиялық тұрғыдан скептицизмге тікелей қатысы бар. Оның негізінде жатқан идеялар: адам қоршаған әлемді біртіндеп тани бастайды, оның білімі барған сайын кеңейе түседі, бірақ қаншама білімі мен қабілеті бола тұра, адам жауабын біле алмайтын сұрақтар әрқашан қала береді. Агностицизм құдіретті күштің бар екендігін ешқашан жоққа шығармайды, тек Құдай шынымен бар ма деген сұрақтың жауабын білу мүмкін емес деп тұжырымдайды», – дейді Тойматаев.

Сарапшы агностиктер мен атеистерді үш негізгі топқа бөліп қарастырады:

  1. Гностик атеистер – ешқандай құдайға сенбейді және оның жоқ екендігін біледі.
  2. Агностик теистер – құдайдың бар екендігіне сенеді, бірақ анығын білмейді.
  3. Гностик теистер – құдайға сенеді және оның бар екендігіне анық көзі жеткен.

Даниил Орлов, Қырғызстан:

[quote class=»c»]

Даниил Орлов. Фото из личного архива

Мен агностицизмге логикалық жолмен келдім. Дәлдік ғылымдармен айналыса жүріп, Ғалам моделінің жеткіліктілігі үшін авраамдық Құдайдың да, басқа құдайлардың да, тіпті саналы ниет қажет еместігін түсіндім.

Мені әдепті болуым үшін жаһаннам, тозақ оты немесе басқа сандырақпен қорқытып–үркітудің қажеті жоқ. Әлбетте Құдай құдіретті және логикаға сыймайды деп кеткен Декарттың нұсқасы да бар, бірақ ол мүлдем басқа әңгіме. Басқа долбарларды Оккам ұстарасымен кесіп тастай береміз.

Агностицизмге төзбеушілік діни, ұлтаралық және басқа да негіздегі төзбеушілік сияқты ара–тұра кезігіп тұратынын білемін. Бірақ өз басым ешқандай төзбеушілікпен бетпе бет келмедім, еш ыңғайсыздық сезінбеймін, өйткені IT саласында жұмыс істеймін.[/quote]

Кадыр Маликов. Фото из личного архива

Қырғызстандық теолог Қадыр Мәліковтың сөзінше, ислам аностиктерді дінсіз деп таниды, бірақ әр адам сенуге немесе сенбеуге құқы бар деп санайды.

«Исламда дінге мәжбүрлеу жоқ. кез келген адам өз жолын таңдайды және өлген соң өмірі үшін өзі жауап береді. […] Қазіргі заман қоғамын ескерсек, біз қазір өмір мен дінге әртүрлі көзқарастармен өмір сүріп жатырмыз. Бұл табиғи құбылыс», – дейді Мәліков.

Дастан (Қазақстан), 18 жаста:

[quote class=»c»]Менің түсінігімдегі агноцистизм – еркіндік. Догматтар мен зорлап міндеттелген құндылықтардан еркін болу. Атеистер мен агностиктерге ортақ нәрсе көп деп ойлаймын, бірақ оларды бір бірінен ерекшелейтін нәрселер де бар. Атеистер ешқандай да жоғары тұрған күш жоқ деп таниды. Ал мен Құдай әртүрлі жолдармен көрінетініне сенемін.

Агностицизмге келгеніме көп болған жоқ. TOEFL бойынша емтиханға дайындық кезінде әртүрлі тақырыптағы ғылыми мақалалардың орасан зорын оқып шықтым. Биология, химия, экономика, психология – бұл пәндердің барлығын бір нәрсе байланыстырып тұрды – абсолюттік ақиқаттың жоқтығы. Әр зерттеу – барлығына мәлім ақиқат деп ойларсың, бірақ ол зерттеуді басқа біреуі тас–талқан етіп жоққа шығарады, сөйтіп кейін жасалған ғылыми жаңалықтардың негізінде зерттеулердің маңызы жойылады. Ғылымның барысы осы.[/quote]

Бішкек және Қырғызстан епархиясының протоиерейі Алексей Сыромятников өзін агностик дейтіндердің көбі агностицизм қағидаттарын ұстанбайды дейді.

«Ең алдымен агностик дегендер Құдай бар және оны танып–білу мүмкін емес дейді. Діндер Құдайды тануда толыққанды ақиқатқа жете алмаған деп санайды. Сол себепті олар үшін Құдайға сыйынудың мағынасы жоқ. Демек, нағыз агностик ешқашан дұға оқымайды. Мен мұндайды агностиктерге айтсам, олардың кейбірі іштей, ойымен сыйынамыз дейді. Сонда олар Құдай оймен сыйынғанды қабыл етеді дегенді қайдан шығарып алған? Мұндай жағдайда мен Құдай сендерді естиді деп кім айтты деп сұраймын. Сендер оның бар–жоғына да иланбайсыңдар. Яғни сендерді агностик деп атау мүмкін емес», – дейді Сыромятников.

Александр Суворов. Photo: seminaria.kz

Орыс православ шіркеуінің Астана және Алматы епархиясының протоиерейі Александр Суворов болса агностиктерді Құдайға деген қатынасын анықтап болмаған адамдар деп санайды.

 «Әр адам өзі сенгісі келген нәрсеге сенеді. Кез келген адам, тіпті атеист те құдайға сеніп кетуі мүмкін, сәйкесінше дін ұстанатын адам да атеиске айналып кетуі ықтимал. Агностиктер дегеніміз Құдай туралы түсініктері қалыптасып болмаған, нақты анықтама бере алмайтын адамдар. Әр адамның құдайды танып алуына шамасы бар. Өздерінің агностик екенін білмейтін, детерменизм қағидаттарын ұстанып қана жүрген агностиктер өте көп», – дейді Суворов.


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: