© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстан: «Егер дәстүрлі дін өкілі болмасаң, нысана болып жүресің»

Дүние жүзі бойынша дін ұстану бостандығы туралы баяндамада айтылғандай, 2018 жылы Қазақстанда діни сенімін бейбіт түрде білдіргені үшін 20 адам түрмеге жабылған. Құжатқа сәйкес, христиан топтарының ішінде қудалауға ұшырағандардың дені баптистер, жетінші күн адвентистері және «Иегова куәгерлері».

20 жастағы Жанар Шымкентте тұрады, ол кішкентай күнінен орамал тағады. Грант алып, колледжге түскенімен, көп ұзамай оқуын тастауға мәжбүр болған, өйткені ол жерде орамал тағу мен ұзын көйлектер киюге тиым салынған. 

Жанара. Фото: CABAR.asia

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңының 47–бабы 14–тармағында білім алушылар мен тәрбиеленушілер ішкі тәртіп ережелерін сақтауға, білім беру ұйымының жарғысында және білім беру қызметтерін көрсету туралы шартта көзделген басқа да талаптарды орындауға міндетті деп көрсетілген.

Маған орамал тағуыма болмайды деді, ал менің отбасым бұған қарсы емес. Мен мұсылманмын, басымды жауып жүруге міндеттімін деп санаймын. Мен тек сатушы боп ғана жұмысқа тұра алдым. Жұмыс берушілердің көбі жұмыскерлерінің орамал тағуына қарсы, олардың шын мұсылман болуын қаламайды.

Орта білім беру орындарында міндетті мектеп формасын кию талабы, оның ішінде орамал тағуға тиым салу бұрынғы білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың 2016 жылғы 14 қаңтарындағы қаулысымен бекітілген.

Сол кезден бастап басын бүркеген қыздарды мектепке кіргізбеген жанжалдар жер–жерлерде туындап келеді.

Ал жағдай өткен жылдың 1 қыркүйегінде аса қаты ушықты – бүкіл ел бойынша мектептердың басшылары орамал таққан қыз балаларды оқу орындарына кіргізуден жаппай бас тартты

Фото: CABAR.asia

Алматының 21 жастағы тұрғыны Алмас туғанынан евангелиелік баптист христиандардың «Вифлеем» («Нан үйі») шіркеуінде тәрбиеленіп өсті, бұл жерде оның ата–анасы қызмет етеді. Алмас Інжіл оқиды, үнемі ғибадатқа қатысады, қалған уақытында шіркеуде жұмыс істейді.

Ол өзінің діни сенімі туралы әркімге тіс жара бермейді. Қоғамда ұстанымымды түсінетін ешкім жоқ, құрдастарым мазақ қылады, дейді ол.

Айналамдағылар мені үнемі келеке етеді

«Кез келген адам бір нәрсеге сенеді. Нағыз атеистің өзі әлдебір кереметке немесе тағдырға сенуі мүмкін. Дінсіз өмірдің түк мәні жоқ, бірақ мені айналамдағылар үнемі келеке етеді де жүреді. Дәстүрлі емес діндерді ұстанатын адамдардың өмірі мұқият бақыланады, әрдайым тексеруден өтеді. Алайда біздің дін ешкімге қиянат жасамайды, ешкімді зорлықпен дінімізге тартпаймыз», – дейді Алмас.

Дін істері жөніндегі комитеттің деректеріне сенсек, Қазақстанда 18 конфессия мен 3700–ден астам діни бірлестік тіркелген.

Мамырдың 29–ында АҚШ–тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтонда дүние жүзі бойынша дін ұстану бостандығының 2018 жылғы жайы туралы баяндама жасады. Баяндамада діни бостандықтардың сақталу жағдайларын саралай келе, былтыр Қазақстанда діни сенімдерін бейбіт түрде жария еткені үшін 20 адам түрме түрлі мерзімдерге жабылғаны аталып өткен. Құжатта жазылғандай, христиан топтарының ішінде қудалауға ұшырағандардың дені баптистер, жетінші күн адвентистері және «Иегова куәгерлері».

«Әндері үшін қамауға алынды»

VВалентина Васильева. Фото: CABAR.asia

Талдықорған тұрғыны Валентина Васильева «Агапэ» проестант шіркеуінде қызмет етіп, тегін жұмыс істеп келе жатқанына 15 жылдың айналасы толды.

«Бұрын мен темекі шегетін едім, ішімдік те іштім, басымнан бәле арылмайтын. Қазір болса менің өмірім күрт өзгерді. Менің ұлым мүгедек, ол да «Агапэге» жиі келіп тұрады. Біз теледидар көрмейміз, интернетке шықпаймыз, оның орнына ән айтып, уақытымызды шатықпен өткіземіз.

Қазақстанда тағы екі шіркеу ашсақ деген ойымыз бар. Бірақ бұл елде дәстүрлі дінді ұстанбасаң, үнемі нысана болып жүресің. Барлығына діни қызметің қызық. Көп таныстарыма әшейін жағажайда біздің әндерімізді дауыстап айтқаны үшін айыппұл да салынды», – дейді ол.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылдады. Араға 19 жыл салып, 2011 жылы діни қызмет туралы заң қабылданды. Ал былтыр ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Оның ішінде радикал діни көзқарастағы азаматтарға қатысты кешенді шаралар қолдану қарастырылған.

Атап айтқанда:

  • Деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім–кешекті қоғамдық орындарда пайдалану, киіп жүру және таратудан бөлек деструктивті діни ағымдардың идеологиясын тарату мен насихаттауға тиым салынды.
  • Діни ұйымдар бұқаралық ақпарат құралдарында өздерінің қаржылық есептерін жариялауға міндеттелді.
  • Дінге сенушілердің де, дінге сенбеушілердің де сезімдері мен қадір-қасиеттерін қорлағаны үшін әкімшілік жазаға тарту туралы ереже енгізілді.
  • Мемлекеттік қызметтегі және бюджеттік мекемелерде істейтін қызметкерлердің діни саладағы жосық тәртібі белгіленді.
  • Өңірлерде діни бірлестіктерді тіркеу туралы талаптар жұмсартылды.
  • Ескі заңнамада діни қызмет саласындағы құқық бұзушылықтар үшін айыппұл салынып, қызметіне тиым салынатын. Мемлекеттік–конфессиялық қарым–қатынастарды жетілдіру үшін әкімшілік жазалауды ізгілендіру мақсатында діни саладағы құқық бұзушылықтар үшін енді балама әкімшілік жазалау түрі – ескерту тағайындалады.
  • Діни бірлестіктердің қаржылық ашықтығын талап ететін нормалар енгізілді.
  • 16 жасқа толмаған азаматтарды ата–анасының ілесуінсіз немесе ата–анасының бірі қарсы болған жағдайда құдайға құлшылық етуге, діни жоралар мен рәсімдерге қатыстыруға жол берілмейді.

Біз діни бірлестіктер заң бұзбайтын болса, жұмысына араласуға қақымыз жоқ.

Эржан Нукежанов. Фото: CABAR.asia

Ар–ождан және діни сенім бостандығы – Қазақстандағы конституциялық қағидалардың бірі. Елдегі діни еркіндікке қатысты жағдай 2012 жылдан бастап күрт нашарлады, делінген Халықаралық діни бостандықтар бойынша АҚШ комиссиясының жыл сайынғы баяндамасында. Қазақстанда 2011 жылы қабылданған діни қызмет туралы заңды авторлар жазалауға бағытталған заң деп атайды.

Алайда, дін істері жөніндегі комитеттің төрағасы Ержан Нүкежановтың айтуына қарағанда, қазақстандықтардың 85%–і елдегі діни ахуалға қанағаттанады екен.

Оның сөзінше, Қазақстан Конституциясына сәйкес, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

«Біз төзімді елміз, діни бірлестіктер заң бұзбайтын болса, жұмысына араласуға қақымыз жоқ. Әр үш жылда бізде әлемдік діндер съезі өткізіліп тұрады, онда аса маңызды проблемалар талқыланады. Бізде бұл салаға қатысты шешілмеген мәселе жоқ. Әлдебір ұсақ тәртіп бұзулар бар, бірақ ол негізінен заңды білмеушіліктен туындайтын мәселелер.

Конфессиялардың өкілдері бір біріне қиын жағдайларда әрдайым көмегін тигізуге әзір», – дейді Нүкежанов.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: