© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Діннен безгендер. Қазақстанда атеистердің саны артқан

Зерттеулерге сәйкес, Қазақстанда 10 жылдың ішінде атеистердің саны үш есе артып отыр. 


Подпишитесь на наш канал в Telegram!


*Материал CABAR.asia порталының аудиторияға Орталық Азия елдеріндегі діни алуандық туралы ақпарат беру мақсатындағы мақалалар топтамасы аясында жарияланған. Авторлар қандай да бір діни конфессияны насихаттауды көздемейді.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Алуа Жолдыбалинаның мәліметіне сәйкес,  2019 жылы жалпы халықтың – 18,8 % құдайға сенбейтінін көрсеткен. Ал қазақстандықтардың  75% астамы құдайға сенеді, бірақ тұрақты түрде діни жораларды орындамайды және діни бірлестіктер қызметіне тартылмаған.

Студент Жалғас Спабеков діни отбасында тәрбиеленген, алайда балалық шағынан құдайға сенбейді.

Әрине, апта сайын мешітке бармасақ та, отбасымызбен барлық мұсылман мерекелерін атап өтетінбіз, ата-анам ораза ұстайтын. Бірақ мен бала кезімнен атеист болдым және оны жасырмаймын.

Жалғас Спабеков. Photo: CABAR.asia

Қоғамда осы көзқарасым үшін кемсіту жоқ, бірақ құдайға сенбейтіндерге күдікпен қарайды, сенімсіздік танытады. Кейбіреулер тіпті қаскүнемдік, жек көрушілікпен қарайды. Бірақ, бұл әр адамның өз құқығы деп есептеймін.

Мен ешкімге өз идеямды мәжбүрлі түрде таңбаймын, ешкімге кедергі келтірмеймін. Менің таныстарымның арасында діннің атын жамылып, ішімдік ішіп, темекі шегіп, теріс қылықтарға баратындары кездеседі. Оларға қарап өзгені де , өзімді де алдаудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Менің сенімім – махаббат және мен тек өзім.

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірасылқызының  сөзінше, 10 жыл бұрын Қазақстанда жалпы халықтың санынан 6 % ғана атеист болған, қазір бұл көрсеткіш 3 есе өсті. 

Айнур Абдирасилкызы. Photo: CABAR.asia

Оның айтуынша, кейбір азаматтар келеңсіздіктерге тап болмау үшін  құдайға сенбейтінін көрсетуі мүмкін.

 «Заң Қазақстан Конституциясында, сондай-ақ адам құқықтары туралы халықаралық актiлер мен келiсiмдерде көрсетілгендей азаматтардың дiни сенiм бостандығы жөнiндегi құқықтарын iске асыруға кепiлдiк бередi. Дiн ұстану және нанымды уағыздау бостандығының жүзеге асырылуы қоғамдық тәртiптi және басқа азаматтардың өмiр сүру, денсаулық қауiпсiздiгiн, имандылығын немесе құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында ғана заңмен шектелуi мүмкін»– дейді Әбдірасылқызы.

 «Зиянды әдеттер таратты»

Құдайға сенбей, атеистік көзқарас танытқаны үшін 2013 жылдың наурызында журналист, құқық қорғаушы Александр Харламовтың үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Ол ҚР ҚК 164 – бабы бойынша жауапқа тартылған. Қазір жаңа Кодекс редакциясында ол 174 -бап. (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру).

Іс Харламовтың әлеуметтік желілеріндегі жазбаларының негізінде қозғалған, онда журналист, құқық қорғаушы құдайдың бар екеніне сенімсіздік танытқан. Сот Қазақстан тұрғындарының басым бөлігі – құдайға сенетіндер екенін алға тартып, Александр Харламов өз көзқарасымен зиянды әдеттер таратты деп есептеді.

Жұматай Әлиев. Photo: tuz.kz

Кейін іс жабылып, былтыр ол заңсыз жауапкершілікке тартылғаны үшін мемлекеттен 1 миллион теңге (2578 АҚШ доллары) өндіріп алды.

Дәл сол жылы бұрынғы Мәжіліс депутаты Жұматай Әлиев оқу орындарында дінтанумен қатар атеизмді оқыту туралы ұсыныс айтты. Алты жыл өткен соң да Әлиев өз пікірінде қалды.

«Атеизмды мектептерде де, жоғары оқу орындарында да оқыту керек деп есептеймін. Бұл барлық Қазақстандықтарға құрмет деп ойлаймын. Сабақты  мектеп бағдарламасына баяғыдан енгізу керек еді»,- дейді Әлиев.

Владислав Косарев. Photo: CABAR.asia

2017 жылы Қазақстанда  атеистердің құқығын қорғайтын заң әзірленген. Оған сәйкес атеистердің сезіміне тіл тигізгендерге 300 айлық есептік көрсеткішке дейін (2000 АҚШ доллары ) айыппұл салынуы тиіс. Алайда құжат парламент қабырғасында қалып қойды, оған қатысты  әлі ешқандай шешім шықпады.  Заң шығару органында атеистерге өкілдік ететін Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы да бар.  

«Атезим – жаңа дін емес.  Біздің бағдарламада анық айтылған: «коммунистер ар-ождан бостандығын мойындап, кез-келген дінді ұстану не ұстанбау, шіркеу мен мешіттің мемлекеттен бөлінуі, ал мектептердің шіркеулер мен мешіттерден бөлінуі үшін». Бірақ коммунистер  құдайға сенушілердің сезіміне нұқсан келтірмей, қорлаудың кез-келген түрін болдырмай, кең көлемде атеистік үгіт-насихат жүргізеді», – дейді мәжіліс депутаты Владислав Косарев.

 «Дінсізбін және ол үшін ұялмаймын»

Зейнеткер Жұмақыз Тоқтабекова күйеуі қайтыс болып, екі баласымен жесір қалған кезде діннен бас тартқан:

Мен дінсізбін және ол үшін ұялмаймын. Мен ешкімнің алдап-арбауының құрбаны болмаймын, дұға жасамаймын, бірақ әр адамның таңдауын сыйлаймын. Кейбір құдайға сенетіндер дұға жасаса, барлығы жақсы болып кетеді деп ойлайды. Сонымен қатар мен жұмақ пен тозақтың барына да сенбеймін. Барлығын адамдар ойлап тапқаны белгілі. 

Жумакыз Токтабекова. Photo: CABAR.asia

Қазір дін көбірек жағымсыз рөл алады. Мәселен, менің көршім той-томалаққа бармайды, теледидар көрмейді, сенбі сайын балаларына мектепке баруға рұқсат етпейді. Менің ойымша бұл дұрыс емес.

Мен ешқандай дінде емеспін, және атеистердің көбі кеңес одағынан қалған адамдар деп ойлаймын.  Біздің кезімізде құдайға сенуге болмайтын, әке-шешеміз де солай тәрбиеледі. Атеизм жеке менің өмір сүруіме кедергі келтіріп жатқан жоқ, ал дін болса, ақша табудың тағы бір құралына айналған сияқты.

Қазақстанның шенеуніктері мен жұлдыздарының арасында да атеистер кездеседі, оның ішінде бұрынғы қаржы министрі Наталья Коржова, генерал Болат Баекенов бар.

Ал Vkontakte әлеуметтік желісінде «Қазақстан атеистер қауымдастығы» тобы бар, онда көптеген мүшелері сурет, бейне салады, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Сондай-ақ сауалнамалар жүргізіледі.


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді