© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстан экстремистермен басқаша күресе бастай ма?

Қазақстанда жаңа президент боп Қасым-Жомарт Тоқаев сайланғалы саяси және діни көзқарастары үшін қудаланғандардың жағдайы сәл де болса жеңілдегелі тұрған сыңайлы. Бұл процесте әлем қауымдастығы да үлесін қосып жатыр. Қалай дегенмен «діни» істердің легі толастар емес, «экстремистік» және «террористік» айыптаулар бойынша ақталып шығу әлі де мүмкін емес.


Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының ғимараты. Сурет kazembassy.hu веб–сайтынан алынды

Жоғарғы сот алғаш рет Қылмыстық кодекстің «бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы» және «қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы» қылмыстар туралы тарауларына кіретін баптары бойынша айыпталған адамға қатысты үкімнің күшін жойды. Анығына келсек, бұл адамның ісі жүздеген басқасынан ерекшеленеді.

«Ақмола облысының тұрғыны діни мазмұндағы түрлі әдебиеттерді, оның ішінде интернеттегі материалдарды өз бетінше оқып–зерттеп, исламның бейдәстүр ағымына ереді. Алған білімін бөліспек ниетпен күдікті әлеуметтік желілерде тіркеліп, кейін өзінің жеке парақшаларында терроризмді насихаттайтын, террористік іс–әрекеттер жасауға шақыратын және діни алауыздық пен өшпенділікті қоздыратын материалдар мен аудиожазбалар жариялай бастайды. Әлеуметтік желілердегі бұл парақшалар интернет қолданушылардың барлығына ашық, қолжетімді болған», – деп хабарлады Ақмола облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі өңірлік ақпарат құралдарына.

Кейін белгілі болғанындай, Рамазан (есімі өзгертілген) 2014 жылы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында бірнеше нәшид (арабша діни өлеңдер) және мазмұны дау тудыратын материалдар жариялаған. Мұны көріп қойған туыстары Рамазанға жарияланымдардың барлығын өшірткізіп, тіпті интернетке шығуға тиым салады. Алайда жарияланған материалдардың барлығы скриншот түрінде арнайы қызметтің қолында қалған, сөйтіп 2017 жылы жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалады. Бірақ бұл кезде Рамазан исламнан христиан дініне өтіп кеткен еді.

Сол жылы оған «діни алауыздық тудырды» және «терроризмді насихаттады» деген екі айып тағылып, іс сотта қаралды. Зардап шеккен тарап болмайтын мұндай істерде айыптау толығымен сараптама негізінде жасалады. Бұл жағайда да тура солай болды, алайда тергеу кезінде сарапшы ретінде арнайы лицензиясы жоқ, бейіні де сәйкес келмейтін маман тартылған. Ақыр аяғында оның қорытындысын жарамсыз деп тануға тура келді. Бірақ суға кеткен тал қармайдының керімен, тергеушілер мен сот айыпталушының бұрын психиатрға қаралғанына жармасады. Солайша, ақталып шыққалы тұрған азамат қоғам үшін «аса қауіпті» деп танылып, мәжбүрлі түрде емделуге жіберіледі. Рамазан емделіп жатқан кезде оның туысқандары Жоғарғы сотқа шағымдарын толастатпады. Күтпеген жерден сот үкімді жойып, білікті сарапшының қатысуымен істі қайтадан қарау туралы шешім шығарды.

Ал қалыптан тыс екінші оқиға туралы 2019 жылдың 12 қарашасында үнемі «діни» баптар бойынша айыпталғандарға қорғаушы қызметін көрсететін адвокат Бауыржан Азанов айтып берді. 

Адвокат Қазақстанда аумағында экстремистік де танылған діни материалдарды үйінде сақтағаны үшін айыпталған діндардың ісін әкімшілік сотта жеңіп шықты. Ақталып шыққан Еркебұлан Сақымның ісі анығында әкімшілік емес, қылмыстық заңнама аясына өтіп кету ықтималдылығы тым жоғары болатын. Өйкен жағдайда айыпталушы ұзақ мерзімге түрмеге қамалар еді. Адвокатты өзі бұл жайтты «ел тарихында осы бап бойынша жеңіске жеткен тұңғыш материал» деп атап көрсетті.

Әлбетте бұл екі оқиға теңіздің тамшысындай ғана мардымсыз.

«Зорлық экстремизмның 16 акті» және экстремизм мен терроризм үшін сотталған мыңнан астам адам

Қазақстан Республикасы Ұлтық қауіпсіздік комитетінің арнайы операциясы аясындағы тұтқындау көрінісі. Фото: ҚР ҰҚК

«Соңғы 9 жыл ішінде Қазақстанда 16 зорлық экстремизм акті жасалған, Сирия мен Ирактағы террористік қозғалыстарға 500–ден астам азамат қосылды, олардың 100 шақтысы қаза тапты, 1 мыңнан астам қазақстандық терроризм мен экстремизм үшін айыпталып, түрмеге қамалды. Соңғы көрсеткіш соңғы бес жылда екпіні айнымай, тұрақты түрде өсіп келеді», – деп, EurAsia Daily Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы, әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың соңғы деректерін келтіреді.

Ал шындығына келсек, «экстремизм» және «терроризм» үшін сотталған адамдардың саны айтарлықтай жоғары. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік желідегі парақшаларында діни материалдарды жариялағаны және бөліскені үшін отыр – сараптама мұндай әрекеттерді экстремизм мен терроризм насихатының қандай да бір белгілері деп таниды.

Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есептер комитетінің 2019 жылдың тоғыз айы бойынша деректеріне сәйкес, Қылмыстық кодекстің «экстремизм» және «терроризм» үшін соттайтын жеті бабы негізінде («бұрыс» діндерді ұстанатындар осы баптар бойынша жауапқа тартылады) тергеу органдарының атқаруында 300 іс болған, оның сотқа жеткендерінің саны әзірге 172. Әр іс бойынша бірнеше адам айыпталуы мүмкін, сондықтан жауапқа тартылғандардың санын кемі екіге көбейте беруге болады. Сирия мен Ирактағы әскери іс–қимылдарға қатысқандардың 200–ге жуығы елге оралды, ал олардың шамамен жартысы сотталды. Сонымен қатар, ондаған саяси оппонент ұлт араздығын тудырды деген айыппен сотталған. Бірақ жауапқа тартылғандардың басым бөлігі – «діни» негізде істі болғандар. Қаржы министрлігінің «терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты» ұйымдар мен тұлғалардың тізімінде («экстремизм» және «терроризм» үшін сотталғандар автоматты түрде осы тізімге түседі) 1565 фамилия кіреді. Бұл тізімге қарап қазіргі уақытта қанша адам түрмеге қамалған немесе осындай айыппен отырып шықты деген сұрақтың жауабын бағамдап алуға болады. Ал бұл тізімге кіру оңайдың оңайы.

Соңғы кезде болған таныс мысалдардың бірі – Алматыдағы сегіз мұсылманның соты.

2019 жылдың 20 қарашасында апелляциялық инстанция алдыңғы сотта сегіз айыпталушы мұсылманға (тоғызыншы қатысушы ауыр науқасына байланысты өз сотын күтіп отыр) шығарылған үкімді күшінде қалдырды –  5,5 жылдан 7,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру. Олар WhatsApp–тағы жабық чатта діни талқылау жүргізгені үшін тамыздың 5–інде сотталды. Азаматтарға саудиялық дінтанушы әл–Фаузанның сөздерін келтіргені және Қазақстанда ешкім танымайтын суруриттер (Сауд Арабиясындағы салафизмнен тарайтын ағым) туралы сыни пікірлер айтқаны үшін айып тағылды. Сонымен қатар олар ИГИЛ чатында исламның басқа да радикалды ағымдарын қатты сөккен. Жәбірленішы тараптың жоқтығынан тергеушілер мен сот тек сараптамашының қортындысын арқаланды (кейін анық болғандай, ол сарапшы діннен тым алшақ және тиісті лицензиясы жоқ боп шыққан).

«Басыбайлы сарапшылар да болатынына көзім жетіп отыр. Құқық қорғау органдары не айтса, соны жасап береді», – деп қапалана жымияды адвокат Шамиян Жайылханов.

Ол сотталғандардың туысқандарымен бірге Санкт–Петербургтегі тәуелсіз сараптама институтына жүгініп, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушісі Рүстемов тауып алған «сарапшылар» – Мұқатаева мен Ақбарованың қорытындысына пікір айтуын сұрады. Ресейлік атақты екі профессор Алла Мельникова мен Василий Белов Мұқатаева мен Ақбарова берген қорытындысының кәсіби сапасына күмән келтірді. Бұл құжаттың бір нұсқасы жеке кәсіпкердің мөрімен куәландырылған.

«Бұл қорытындының дәйектері нақты емес, сарапшының субъективті пікіріне ғана негізделген. Мұндағы пайымдардың қате болу ықтималдылығы 90%–ке дейін жетеді. Себебі бұл қорытындыны жасау барысында сот–лингвистикалық сараптама өткізгенде ұсынылатын сенімді және шынайы әдістер қолданылмаған, олардың негізіндегі барлық баяндалған жағдайларды ескере отырып, барлық сұрақтарға жауап беретін зерттеу жасалмаған», – Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен сот ғылыми дәйек ретінде қолданған пікірді саралап шыққан институттың 40–беттік сараптамасының квинтэссенциясы осы үзіндіде келтірілген.

Апелляциялық инстанция болса айыпталғандардың кінәсы жоқ екендігін айғақтайтын кез келген құжатты басшылыққа аламыз деп, арызданушыларды турадан–тура алдап соқты. Себебі арыз апелляциялық сотқа жеткенде ресейлік ғалымдардың тұжырымдары қылмыстық істің құрамына да енгізілмегені анықталған. «ҚПК (Қылмыстық–процессуалдық кодекс – авт.) бойынша бұл жаңадан ашылған мән–жай деп саналады», – дейді адвокат. Демек, сот жүйесіндегілер төменгі сатыдағы сот пен ҰҚК–нің қате түйіндеріне қатысты күмән тууына жол бермесі анық.

Дәл қазіргі уақытта Алматыда тағы бір сот процесі жүріп жатыр. Екі бүйрегі де істемейтін Бекжан Шалабаев «терроризмді насихаттады» және «Қазақстанда тиым салынған ұйымның қызметіне қатысты» деп айыпталған, өйткені ол «Хизб ут–тахрир» ұйымына мүше екендігін жасырмай айтып жүрген.

«Биліктің ұтыс ресурсы»  

Осы аралықта Нұр–Сұлтаннан азаматтарды саяси және діни ұстанымдары үшін толассаз қозғалып жатқан қылмыстық істердің ағыны саябырситынына үміт беретін бір қоңырау шалынды.

Сарапшы Марат Шибұтов. Фото: sayasat.org

Быртыр қазанның 30–ында көптиражды «Время» газетінде саясаттанушы, «Транспаренси Қазақстан» қамқоршылық кеңесінің төрағасы және ресейлік Шекара маңы ынтымақтастығы қауымдастығының сарапшысы Марат Шибұтовтың ҚР Қылмыстық кодексінің «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік–топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» туралы 174–бабы туралы пікірі жарық көрді (тек осы бап бойынша ғана 2019 жылдың 11 айында 104 қылмыстық іс қозғалған).

«Бұл ақылға қонбайтын нәрсе, бірақ қазір осы бап бойынша кінәны дәлелдеу түрлы сарапшылардың – лингвист, филолог, саясаттанушы, дінтанушылардың қорытындысы ғана негізге алынады, бірақ бұл дұрыс емес. (…) Ал бұл бапты қолданып келе жатқан көп жыл ішінде осы бапты қолданудың нақты түсініктемесі әлі жасалып берілмеген. Оны қалай тәпсірлейтіні тергеушілер мен олардың сарапшыларының, одан әрі – соттың құзырында қалып келеді. Ақыр соңында 174–баппен сотталғандарды қазақстандық және халықаралық құқыққорғаушылар «саяси тұтқын» деген санатта қарастырады, әлбетте, құқықтық мемлекет үшін бұл қабылданбайтын жайт», – дейді ол.

Осы және тағы бірнеше «саяси» бап 2015 жылдан – Қылмыстық кодекстің жаңа нұсқасы қабылданғаннан бері қазақстандық құқыққорғаушылар мен халықаралық ұйымдардың ашуын туғызып отыр. Алайда өзгергені – Марат Шибұтов былтыр шілдеде президент Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына енді.бұл кеңестің пайда болуы қазақстандық қоғамда біраз талқы тудырды, дегенмен кеңеске кірген мүшелердің айтатыны Ақорданың сөзі болуы мүмкін. Биліктің әрекеттерін азусыз сынаушылардың бірі кеңінен танымал ірі басылымның беттерінде бұл проблеманы көтеріп отыруы мүмкін емес.

Ақыры ойлағанымыздай шықты: «халықтың үні» жыл соңында президенттің құлағына жетті. Желтоқсанның 20–сында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Қасым–Жомарт Тоқаев «жала жабу» туралы бапты декриминализациялау және «алауыздық қоздыру» туралы бапты «ізгілендіруді» тапсырды: «Мысалы, «қоздыру» деген сөзден бас тартып, оның орнына «өршіту» деген мейлінше нақты заң ұғымын қолдануды [ұсынамын]». Бірақ мұндай өзгеріс қандай нәтиже беруі керек – түсініксіз.

Танымал құқыққорғаушы, Қазақстан халықаралық адам құқығы жөніндегі бюроның басшысы Евгений Жовтис бұл туралы өз пайымын бөлісті.

Құқыққорғаушы Евгений Жовтис. Фото: informburo.kz

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі дәл қазір қоғамның белсенді бөлігінің ашу–ызасын туғызып, ел ішіндегі құқыққорғаушылардың да, халықаралық ұйымдардың да қатаң сынына ұшырап отырған заңнамадағы бірқатар баптар мен бірқатар тәжірибелерге қатысты оң өзгерістердің сәті туып тұрғанын жеткізуге тырысып бағуда. Ал оның қалайша жүзеге асатыны түсініксіз болып тұрғаны басқа сұрақ. Өйткені бұл бап, осы сияқты басқа да заңдар – биліктің ұтыс ресурсы – белгілі бір топтасу немесе жекелеген адамдар қоғамның санасын сілкіндіре бастады деп қауіптенген сәтте соларға бағыттап қолдана қояды», – деді ол CABAR.asia порталына берген сұхбатында.

Осы себептен, дейді Жовтис, күштік құрылымдар «дұрыс бастаманың» өздерін «жат көзқарастар және саяси оппозициямен күресудегі шексіз құралынан» айыруына жол беріп, қарап тұрмасы анық.

Адвокат Бауыржан Азанов бұл бірнеше кейстің жақсы өзгерістердің басы дегенге күмәнмен қарайды.

«Тиым салынған әдебиетті сақтау туралы іспен шынына келгенде алғаш рет тап болдым. Бұрын істер басқа «діни» баптар бойынша тоқтатылатын еді, бірақ біздің жағдайда істі тоқтату дегеніміз адамды ақтап алу дегенмен тең ұғым. Қалай дегенмен, бұл өзгерістердің нышаны демес едім, бұл жай ғана тосын сәйкестікке ұқсайды. Жақында ғана Қостанайдан хабарласты, ол жақта 174–бап (алауыздық қоздыру) бойынша кезекті іс қозғалыпты», – дейді ол.

Әлемнің назарында

Былтыр мамырда Қазақстанға БҰҰ терроризмге қарсы күрес жағдайында адам құқықтарын қорғау және ынталандыру мәселесі жөніндегі арнайы баяндамашысы Фионнуала Ни Аолаин келіп кетті. Оның алдын ала жасаған түйіндері айтарлықтай жағымсыз:

БҰҰ терроризмге қарсы күрес жағдайында адам құқықтарын қорғау және ынталандыру мәселесі жөніндегі арнайы баяндамашысы Фионнуала Ни Аолаин (Ms. Fionnuala D. Ní Aoláin). Фото: www.ohchr.org

«Арнайы баяндамашы елдің ұлттық заңнамасындағы «экстремизм» терминінің құқық қорғау тәжірибесіндегі қолданылуына қатысты мазасыздық танытып отыр. (…) Арнайы баяндамашының ведомствосы бұдан бұрын да «экстремизм» терминінің зорлық экстремизмге қарсы әрекеттер стратегиясы емес, нақ қылмыстың өзі ретінде қолданылатындығына қатысты алаңдаушылығын жеткізген болатын. Арнайы баяндамашы Қылмыстық кодекстің 174–бабы, 179–бабы, 405–бабы және тағы бірнеше баптарының да дәл осындай алаңдаушылық туғызады деп санайды. (…) Ешқандай қылмыстың сот шешімінсіз қандай да бір жасырын жолдармен арнайы анықтау әрекеттері жасалмайды деп сендіргеніне қарамастан, арнайы баяндамашыға терроризм және экстремизм бойынша істерде әлдебір «арандатушылар» қатысымен арнайы тергеу амалдары қолданылатыны туралы мәлімдемелер жеткен».

Арнайы баяндамашы 174–бапқа бөлек тоқталып өтті. «Қылмыстық кодекстің «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік–топтық немесе діни алауыздық қоздыру» туралы 174–бабы жиі жағдайда азаматтық қоғамның белсенділеріне және әсіресе діни ұйымдарға қатысты қолданылады. Бұл бап жалпылама түрде мүлдем нақтыланбаған негізде жеккөрініш сезімін қоздыруды қылмыс ретінде қарастырады, және де азшылықтар қатарындағы адамдардың қорғануын қамтамасыз етпейді».

БҰҰ терроризмге қарсы күрес жағдайында адам құқықтарын қорғау және ынталандыру мәселесі жөніндегі арнайы баяндамашысы сапарының алдын ала қорытындыларымен танысу

Республикада дін бостандығы жоқ екендігі БҰҰ–да былтыр қарашаның 7–сінде, Қазақстан Әмбебап мерзімдік шолу аясындағы өз есебін таныстырған кезде сөз болды. Дания, Ұлыбритания және АҚШ өкілдері бұл жолы Нұр–Сұлтанның орындамаған уәделері туралы айтты. Алдыңғы жылы жасалған баяндамадан соң БҰҰ эксперттері Қазақстанға көптеген ұсынымдар, оның ішінде ар–ождан бостандығын қамтамасыз етуге қатысты төрт ұсынымын таныстырған еді. Қазақстан билігі өз жауабында қоғамдағы діни төзімділік туралы және астанасында Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі өткізіліп тұратындығы жайында көп сөйледі, бірақ заңнамасн халықаралық стандарттаға сәйкесендіру туралы жақ ашпады.

Жалпы Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығын сақтауға қатысты Қазақстанға біраз талап–тілегі жинақталып қалғанға ұқсайды. БҰҰ–ның адам құқықтары және азаптауға қарсы комитеттеріне мемлекет дін ұстанушылардың құқығын бұзып жатыр деген он шақты арыз түскен. Қызығы, христиандар мен кришнаиттерге қатысты істерде ресми Нұр–Сұлтан ратификацияланған міндеттемелері бар екендігіне қарамастан, БҰҰ конвенциялық органдарының шешімдерін қасақана орындамайтын бетінен айнып қалатыны болады. Оның себебі, біріншіден, Батыс елдерінің қысымы ықпал етуі мүмкін, екіншіден, заңбұзушылықтар мемлекеттің көзқарасынша соншалықты ауыр болмауы мүмкін (мысалы, елден шығару немесе айыппұл салу). Осы себептен сотталған екі протестант БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеттің және БҰҰ Негізсіз ұстап алу жөніндегі жұмыс тобының тиісті шешімдері шыққан соң сыпайы сылтаумен тез босатылды. Ал керісінше жағдай – БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеттің мүгедек арбасына таңылған Жасұлан Сүлейменовке қатысы жалғыз шешімі. Ол террористік ұйымды басқары деген айыппен колонияда сегіз жыл отырып шыққан. БҰҰ оның қамауға алынған соң азапталғаны және колонияда өзіне қатыгез әрекеттер жасалғаны туралы барлық дәйектерін мойындады. Алайда Қазақстан Республикасы Жасұланға түрмеде шеккен азабы үшін өтемақы төлемеді, себебі ол сот шешіміне енгізетіндей шынымен азапталғаны туралы нақты дәлелдер келтірмеді деп санайды.

«Бұл режим тұсында адам құқықтарын қорғау саласында, сондай–ақ діни бостандық бойынша қандай да бір шынайы өзгерістер жасалады дегенге сенбеймін. Құқықтық тұрғыдағы шектен шыққан былыққа төзбейтіндерге күнде қысым жасалады, оларға қатысты қаншама жалған іс қозғалып жатыр, әлем қауымдастығы осының бәрін біліп отыр. Тіпті ешқандай белсенділік танытпағандар бұл жүйенің жазалаушы машинасының астында қалып жатыр», – деп айтып берді CABAR.asia порталына бұрын сотталған Жасұлан Сүлейменов.

Осындай машинаның астынан шыққан жасұлан қазір адам құқықтарын қорғаумен айналысады, сондықтан жағдайдың қандай екенімен жақсы таныс.


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді. 

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report

The following text will be sent to our editors: