© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстан: Қытайдан қашқан қазақтар мен ұйғырлар өздерін қауіпсіз сезінбейді

Қазақстан билігі Қытайдың Шыңжаң–Ұйғыр автономдық ауданынан қашып келген ұлты қазақ және ұйғыр азаматтарды қорғау мәселесіне қатысты өзін өте сақ ұстап отыр.


Подпишитесь на нашу страницу в Facebook!


Биылғы ақпанның басында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Қазақстанға сапары кезінде елді Қытайдың Шыңжаң–Ұйғыр автономдық ауданындағы (ШҰАА) мұсылмандарға жақтасуға шақырды.

Майкл Помпео. Photo: informburo.kz

«АҚШ барлық елдерді осы қуғын–сүргінді тоқтатуды талап етуге қосылуға шақырады. Біз Қытайдан қашқан босқындарға қауіпсіз пана тауып беруге үндейміз», – деп мәлімдеді Помпео.

Бір күн өткен соң Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо АҚШ мемлекеттік хатшысының үндеуін «қойылған спектакль» деп атап, ШҰАА–дағы ұйғырларды кемсіту саясатын жоққа шығарды.

«Шыңжаңда 25 000–нан астам мешіт бар, бұл Құрама Штаттарын, Ұлыбританиянығ Францияны және Германияны қоса алғандағыдан да көп. Әр 500 мұсылманға бір мешіттен келеді, мұндай жағдай тіпті мұсылман елдерінде де жоқ. Шыңжаң туралы негізгі фактілерді есепке алмай, Қытайға жабуын тоқтатпастан, Помпео әлемге әдеттегідей өзінің идеологиялық жалған нанымдары мен ағат пікірін ғана көрсетті», – деп жазды елші өзінің Facebook–тегі парақшасында.

Шыңжаң–Ұйғыр автономдық ауданы Қытайдың алтыдан бір бөлігін алып жатыр, елдің ең қиыр солтүстік–батыс бөлігінде орналасқан. 2010 жылдағы деректерге сәйкес, мұнда 22 млн адам тұрады, олардың 46 проценті – ұйғырлар.

Шиеленіс 2009 жылы басталады. Сол жылы Қытайдың оңтүстігінде екі ұйғыр кісі қолынан қаза тауып, Шыңжаңда жаппай тәртіпсіздік орнады. Полиция бүлікшілерді қаталдықпен тоқтатып, бірақ ел ішінде қарсылық әрекеттері ары қарай жалғасады, кейбіреулері террористік шабуылдар жасап, ондаған адам құрбан болады.

2016 жылы аудан аумағында адамның бет–әлпетін танитын камералар қойыла бастайды, ал ШҰАА ішіндегі қалалардың тексеру бекеттерінде адамдардың құжаттарын қараған кезде олардың бетін суретке түсіріп, саусақтарының іздері мен нұрлы қабық сканын ала бастады. Сол кезде БАҚ арқылы хабарланғандай, Шыңжаңның әр тұрғыны смартфондарына жүріп–тұрған орнын, хабарламаларын, қоңырауларын және интернет трафигін аңдуға мүмкіндік беретін қосымша орнатуы шарт еді.

Ильхам Тохти. Photo: kasparov.ru

Экономист, құқық қорғаушы, тегі ұйғыр ШҰАА тұрғыны Илхам Тохти ұзақ жылдар бойы ұйғырларға қысым көрсетіліп отырғанын айтып келді, Бейжің мен ұйғыр тұрғындар арасында сұхбат орнатуға талпынып бақты. 2014 жылы оны сепаратизм бабымен айыптап, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Былтыр Илхам Андрей Сахаров атындағы халықаралық сыйлықты иеленді, оны Еуропа парламенті адам құқықтары жолындағы күреске үлес қосқаны үшін әлем азаматтарына тағайындаған.

2017 жылдың көктемінде дүние жүзі БАҚ–тары ШҰАА–да мұсылмандардың, әсіресе тегі ұйғыр азаматтардың әр қадамын аңду және бақылау бойынша аса ірі эксперимент басталғандығын жарыса жаза бастады. Сол кезде «саяси қайта тәрбиелеу лагерлері» туралы алғашқы ақпарат пайда болды, оны Бейжің экстремизм мен терроризмге қарсы тұру үшін ашылған «кәсіби даярлау орталықтары» деп атады.

2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы «лагерлерде» аймақтың жергілікті қауымы болып табылатын бір миллионға дейін адам отыруы мүмкін, олардың дені – ислам дінін ұстанатындар деп мәлімдеді. Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, ауданда осы сияқты 80–ге жуық мекеме бар.

ШҰАА тумаларының және лагерден босап шыққандардың айтуынша, қазір Қытайдың бұл бөлігінде хиджап киюге, мешітке баруға және дұға оқуға тиым салынған. Сонымен қатар балаларға да дінмен байланысты есімдер беруге болмайды.

Бұрын сотталғандардың әңгімесінен ислам дінін ұстанатын адам лагерге кез келген сылтаумен аттандырылатынын түсінуге болады.

Халықаралық құқыққорғаушы Human Rights Watch ұйымының деректеріне сай, себептердің ішінде мұсылманша амандасу немесе намаз оқу, шетелге сапарға шығу немесе тіпті хабарлама алмасатын WhatsApp қосымшасын пайдалану кіреді. Лагерге қамауға себеп болатын айыптаулардың ішіндегі ең кең тарағандары – экстремизм, терроризм, сепаратизм.

Photo: asianews.it

Қарым–қатынасты бұзып алмау үшін

Нұрлан Көктеубаев Шыңжаңдағы мектепте мұғалім боп істеген. Бір жылдан сәл астам уақыт бұрын, зейнетке шыққан соң отбасымен Қазақстанға көшуді ұйғарады. Қоныс аударғаннан кейін бірнеше ай өткен соң олар Қытайға шақырылған.

«Алдымен әйелім кетті, бір айдан соң артынан мен бардым. Елге аяқ басқаным сол, терроризм деген айып тағылып, әр бөлмесінде 40 адамнан орналастырған лагерге жіберілдім. Отырғандардың дені – ұйғырлар, қазақтар өте аз болды. […] Содан соң денсаулығым сыр бере бастады, ұстамам басталды. Түрменің іші толған камера мен теледидар, оның барлығында Си Цзинь Пинді тоқтаусыз қытайша мадақтап жатады: басқа елдерге барғаны, дүние жүзі елдеріне көмектесіп жатқаны, Қытайдың коммунистік партиясы біз үшін қандай игіліктер жасап жатыр деген сияқты», – деп еске алады Көктеубаев.

Осындай жағдай Гүлбахар Жалилованың да басынан өткен. Тегі ұйғыр әйел қытай түрмесінде 15 айын өткізген.

Гульбахар Джалилова. Photo: ru.rti.org

«Түріңе қарайды да: «Немене тесікке қадалып отырсың – дұға жасап отырсың ба?» деп сұрайды. Егер төмен қарасаң «амандасып тұрсың», «намаз оқып тұрсың» деп тиіседі. Ұйғырша сөйлеуге болмайды. Аяғыма бес келілік кісен салынып, солай бір жыл үш ай он күн жүрдім. Қағаз таратып береді де, біз оған «партияға алғыс айтамын», «біз Қытайды жақсы көреміз», «Қытай қазір әлемде озып тұр» деп жазуымыз керек. Басқа бірдеңе жаза қалсақ, «қараңғы бөлмеге» қамайтын», – дейді Жалилова.

Оның отбасы БҰҰ–дан көмек сұрады. Содан соң әйелді тергей бастаған, ал шамалы уақытан соң босатып жіберген.

Тегі ұйғыр қазақстандық азамат Бахаргүл Тохтахунованың айтуынша, Шыңжаңдағы «лагерлер» мен мұсылмандардың қамалуы туралы жаңалықтардан соң, адамдар Қытайда қалған туысқандарымен байланысудан да қалған.

«Сағынамыз, барып қайтқымыз келеді, бірақ ол жақ қауіпті. Тіпті Қазақстан азаматы болсаң да, тексереміз деп, бірнеше айға жайдан жай қамап тастауы мүмкін. Таныстарымыздың қызын Қытайдағы лагерге алып кеткендегі себеп – қалтасынан шетелде түскен сурет тауып алған. Бұл бір қорқынышты түс, басымыздан кешіп жатқан ауыр жағдайды сөзбен айта алмаймыз. Мен ол жақта соңғы рет 2007 жылы болдым, біздің туыстарымыз өзі аман–сау ма, соны білгіміз ғана келеді», – дейді Тохтахунова.

Былтыр желтоқсанда Еуропарламент депутаттары Қытай үкіметін тез арада «саяси қайта тәрбиелеу лагерлерін» жабуға шақырды. Резолюцияда олар Шыңжаңдағы ислам дінін ұстанатын аз ұлттар «негізсіз ұсталып, азапталатыны, дінін ұстануда өрескел шектеулер қойылып, әр қадамы аңдылатыны» туралы нақты ақпарат алғанын көрсеткен.

Бір айдан соң АҚШ Конгресі Өкілдер палатасы ШҰАА–дағы адам құқықтарының бұзылуына жауап ретінде жоғары лауазымдағы қытай шенеуніктеріне қатысы санкциялар қолдануға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады. Құрама Штаттар бірқатар қытай ұйымдарға қатысты шектеулер қойды. 

Алайда Қазақстан президенті Қасым–Жомарт Тоқаев немістің Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында құқыққорғаушылардың айтып жүрген «лагерлер» туралы ақпараты шындыққа сай емес дегенді айтты.

«Мұның геосаясат аясындағы әрекет екенін түсінеміз, өйткені Қытай мен АҚШ сауда соғысында қақтығысып отыр. Өзара келіссөздері біткен соң Қытайға салынған санкция күшін жоя ма, оны көре жатармыз. Бірақ Қазақстан әлдебір жаһандық антиқытай фронтының аумағына айналмауы тиіс», – деді Тоқаев.

Осы сияқты жағдай Қырғызстанда да орнап отыр – бұл жақта да Қытайдың «тәрбиелеу орталықтарындағы» тегі қырғыз азаматтар туралы 2018 жылдан бастап айтыла бастады. Шамалы уақыттан соң жергілікті белсенділер БҰҰ Үйінің алдында митинг өткізіп, ұйымға ҚХР–да болып жатқан жағдайды зерттеу жөніндегі арнайы комиссия құру туралы өтініш білдірген үндеу жазды. 2019 жылдың қаңтарында 150–ге жуық адам қарсылық акциясына шығып, Қырғызстан азаматтығын Қытайдан келгендерге бермеуді, тек қана тегі қырғыздарға беруді талап етті. 

Алайда Шыңжаң мен «қайта тәрбиелеу лагерлері» туралы тақырыпты екі елдің де шенеуніктері мен саясаткерлері ашық көтермейді.

«Қазақстанда Шыңжаң ұйғырларында проблема жоқ деп айтады. Бұл мәселе туралы ашық айтылмайды, тіпті парламентте отырған Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған депутаттар да оны көтермейді. Бірақ әрине, әңгіменің не жайлы екенін барлығы тамаша түсініп отыр ғой, басыма бәле іздеп қайтем деп үндемейді. Қазақстан ашықтан ашық қытайға қарсы тұра алмайды. Елде Қытайдағы туысқандарымен байланысын жоғалтып алған қанша ұйғыр бар екені де белгісіз», – дейді Дүниежүзілік ұйғырлар конгресінің Қазақстанда тұрып жатқан бас кеңесшісі Кахарман Қожамберді.

Мехрибан Амирова күйеуімен және балаларымен Қазақстанға Қытайдан көшіп келген, қазір Алматы облысында тұрып жатыр. Оның айтуынша, күйеуі үйді сату үшін Қытайға кеткен, қайтып келуі керек еді. Бірақ 18 ай өтсе де, әлі оралмаған, осы уақыт ішінде екі рет қана қоңырау шалыпты.

«WeChat арқылы қоңырау шалды, патриотизм үйреніп жатырмын, бәрі жақсы деді, бірақ оның не айтып тұрғанын бірден ұқтым. Мені амандап кетуге келіңдер дейді, бірақ келгенімізді қаламайтыны көрініп тұр – кел деп айтуға мәжбүрлейтін сияқты. Дауысы дірілдейді, барлығы жақсы болады дейді. Біздің көп туыстарымызды, достарымызды нақақтан нақақ, бізбен араласқаны үшін ғана лагерге аттандырды. Өйткені біз шетелге көшіп кеттік қой, демек – шпиондармыз», – дейді Амирова.

Ол күйеуінің оралғанын тосып отыр, Қазақстан азаматтығын аламын деп үміттенеді.

«Қыздарымыз Қытайға барғысы келмейді, барған бойда лагерге түсетініміз анық. Қазақстан азаматтығын алып үлгермесек, ары қарай Түркияға кетеміз, өйткені ол жақтан бізді Қытайға аттандырып жібермейтінін білемін», – дейді Амирова.

Саясаттанушы Нұрлан Тілеубаевтың айтуынша, Шыңжаң ұйғырлары үшін Қазақстан қауіпсіз мекен емес. Тіпті тегі қазақ азаматтар да Қазақстанды аялдап кететін бекет деп қана қарастырып, ары қарай басқа мемлекетке барып баспана сұрауды жоспарлайды. Олар Нұр–Сұлтан Қытайға қатарып береді деп қорқады.

«Тіпті ұлты қазақ Сайрагүл Сауытбай осы жаққа бас сауғалап келіп, ақыры Швецияға кетуге мәжбүр болды. […] Тіпті Малайзия премьер–министрі Махатхир Мохаммад та былтыр Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым жасалатынын мойындады, егер ұйғырлар Малайзияға баспана сұрап келсе, Қытай қайтар десе де, босқындарды бермейтінін атап өтті. Ұйғырлардың көбі тіпті Қазақстанда туысқандары бола тұра, Малайзияға, Түркияға, Индонезияға, Мьянмаға қашуға мәжбүр. Өйткені Қазақстан көршісімен қарым–қатынасын бұзып алғысы келмейді ғой», – деп атап өтті Тілеубаев.


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: