© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Жеке меншіктегі мешіт: Петропавлдағы алғашқы тас мешіттің орнында не бар?

Петропавлда іргетасы XVIII ғасырда қаланған қаладағы алғашқы тас мешіттің тағдыры туралы көптен бері пікірталас жүріп жатыр. Діни ғимараттың аумағында қазір техникалық қызмет көрсету станциясы, қонақүй, дәмхана және сауна бар. Мұсылман қауымы бұған наразы: бұрын намаз оқыған жерде қалай жуынып, кәуап пісіруге болады? Аумақ иесі жерді заңды түрде сатып алғанын, ғимараттың сәулеттік құндылығы жоқ екенін айтады. CABAR.asia екі тараппен де сөйлесті.

Патша жарлығымен

Петропавлдағы тас мешіттің тарихы 1772 жылы Ресей патшайымы ІІ Екатерина Орынбор бекініс шебінде Верхнеуральск, Орынбор, Петропавл қалаларында және Троица бекінісінде мешіт салу туралы жарлық шығарғаннан басталады. Бекініс шебі ортақ жау – жоңғарлармен күресу үшін қажет болды.

Александр Листопадныйдың суреті «Тау етегіндегі Қасым мешіті»

Петропавлда екі мұнаралы тастан жасалған мешіт салуға мемлекет қазынасынан бес мың рубль бөлінді. Бірақ бұл ақша жетпей, жетпеген қаржыны жергілікті мал саудагері Қасым қосқан. Соның құрметіне мешіт Қасымның атымен аталды. Сонымен қатар көпес мешітке іргелес өз ғимараттарын сыйға тартты, оларда мұсылман отбасыларының ұлдары үшін медресе ашты.

1801 жылы мешітке найзағай түсіп, ғимараттың іргетасына дейін жарықтар пайда болды. Мешіт 1820 жылдан кейін қайта салынды. Өлкетанушылар іргетасқа ағаштан жасалған мешіт тұрғызған деп есептейді. Ол 1849 жылы Петропавлдың үштен екі бөлігі жойылған өртте өртеніп кеткен. Қала қайта қалпына келтірілді, ХХ ғасырға қарай Петропавлда үш ағаш және алты тастан жасалған мешіт, соның ішінде Қасым мешіті де болды.

Қасым мешіті. Фото: krasplace.ru
Тұрмыстық қажеттіліктер үшін

1917 жылғы төңкерістен кейін мешіттер ұзақ тұрмады. 1920 жылы ресми тіркелген діни бірлестіктің болуы жұмыс істеудің міндетті шартына айналды. Ал сол жылдың аяғына қарай діни бірлестіктерден мешіттерді тәркілеу басталды: «Жамағат пен атқарушы органның болмауына, жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуіне, салық пен төлемдердің төленбеуіне байланысты».

Діндарлардың көптеген шағымдары бұл процесті тоқтата алмады. Қасым мешітінде қызмет 1926 жылға дейін жүргізілді, ал 1938 жылға қарай Петропавлдағы барлық мешіттер жабылды.

Мешіт ғимараттарын бұзып немесе тұрмыстық қажеттіліктерге бейімдеген. Қасым мешіті мұнарасынан айырылды. Ғимарат шөгінді фабрикасы мен балық зауыты ретінде пайдаланылды. 90-жылдары ғимарат мұсылман қауымына қайтарылды.

«Дін-Мұхаммед» мешітінің кезекші молдасы (намазхан) Нұрмахамат Исмағылов бір кездері Қасым мешіті болған ғимаратта діндарлар қысқа уақытқа және сирек, жазда жұма намазына жиналатынын айтты. Намаз кезінде жақын маңдағы түтін шығаратын бөлме қосулы болғандықтан, бөлмеде тыныс алу қиынға соққан. Ішке саңылаулардан түтін кіріп, есіктер ашық кезде ғана жайғасуға болатын.

Нұрмахамат Исмағылов. Фото: Елена Кузнецова

Қасым мешітін пайдалану мүмкін болмағандықтан, қала әкімдігі мұсылман қауымына басқа ғимарат берді. Билік Қасым мешітіне тиесілі жер телімі мен мешіттен қалған жерді жекенің қолына өткізген.

Онда алдымен гараждар пайда болды, ал 2000 жылдары кафе, қонақ үй, техникалық қызмет көрсету станциясы және сауна салынды. Моншаның тап бұрынғы мешіттің іргетасына салынғаны мұсылман қауымының наразылығын тудырды.

Бұрынғы мешіт ғимараты. Фото: Елена Кузнецова
Қалпына келтіруге бола ма?

Қала құрылысы кеңесінің сарапшы мүшесі, сондай-ақ 1790-жылдары қаланы салуға жіберілген қоныс аударушылардың тікелей ұрпағы Артур Рязапов мешіт орнына сауна салу мұсылман қауымының наразылығын тудырғанын айтады. Кәсіпкермен бірнеше рет келіссөздер жүргізілді, бірақ әңгіме әріге бармады.

Артур Рязапов бұрынғы мешіт аумағында. Фото: Елена Кузнецова

«2020 жылы індет басталғанға дейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов қалаға жақсы кірме жолын жасағысы келген. Идея бойынша, туристер келіп, қаламыздың қалай пайда болғанын білу үшін бұл мешітті кәсіпкерлер (кейбір – Ред.) сатып алып, қалпына келтіруі керек еді. Бірақ Петропавлдың тарихи келбетін қайта жаңғырту үйлердің қасбеттері ретке келтіріліп, жаңа асфальт төселіп, саябақтар жасалынған бас көшемен тоқтады», – дейді Артур Рязапов.

Рязапов бірінші тас мешіттің ғимаратын қалпына келтіруге болады деп есептейді. Ғимараттың орталық бөлігі тозып, қабырғалары мен төбесі бұрынғы деңгейден төмен болса да, іргетасы, мұнарасы болған қабырға, Меккеге бағытты көрсететін михрабты қабырға – тауашалар сақталған.

«Бізге металл қаптаманы алып тастап, сақталған фотосуреттер мен сызбалар негізінде сәулеттік келбетін қалпына келтіру керек. Оның үстіне бізде мұндай прецедент бар. Киров зауытындағы қараусыз қалған қоймадан Ислам мәдениеті мұражайы қалпына келтірілді. Мұндағы жағдай да сондай», – дейді Рязапов.

Сондай-ақ ол солтүстік мешіттердің Орталық Азиядағы басқа мешіттерден ерекшелігіне назар аударды.

«Солтүстік Қазақстанда біздің өз сәулетіміз және өзіміздің түс жиынтығымыз бар – ақ және жасыл. Уақыты келгенде олардың сыртқы түрін ғана емес, ислам мәдениеті рұқсат еткен түс палитрасы мен өсімдік өрнектерін де бейнелегенін қалаймын», – дейді қала құрылысы кеңесінің сарапшы мүшесі.

Қаласаңыз сатып алыңыз

Өз мәліметтерін беруден бас тартқан жер телімі иесінің өкілі бұрынғы мешіт орнындағы саунаға қатысты даулар көптен бері жалғасып келе жатқанын айтты. Ол аумақты сатып алып, мешіт салғысы келген екі қарттың келгенін еске алды. Бірақ келісімге келу мүмкін болмады.

«Біз құжаттарды қарастырдық, ғимарат ресми түрде ешқандай сәулет құндылығын көрсетпейді және баяғыда (сәулет ескерткіші ретінде – ред.) есептен шығарылған. Бұл біздің тұсымызда болған жоқ, біз мұны істеген жоқпыз», – деп сендірді әңгімелесуші.

Ол компания жерді алған кезде мұнда гараждар болғанын, бұрынғы мешіт ғимараты түгел дерлік қирап қалғанын атап өтті. Қазір сауна орналасқан жерде ені бір жарым метрге жуық қабырғаның іргетасы мен бөлігі болған.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: