© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Шілтер арқылы әңгімелесу: Солтүстік Қазақстандағы монастырлар туралы

Солтүстік Қазақстан облысында әйелдерге арналған сегіз монахтар қауымы, оның ішінде екі монастырь бар. Бірінде монах әйелдер қойылымдар қойса, екіншісінен ешқашан шықпайды. CABAR.asia монастырь қабырғалары артында тағы қандай қызық оқиғалар болып жатқанын баяндайды.

Өткен ғасырда Солтүстік Қазақстан қуғын-сүргінге ұшырағандардың мекеніне айналды. Мысалы, 1936 жылы Украина аумағынан Қазақстанға 35 820 поляк жер аударылса, оның 99,8% еліміздің солтүстік облыстарына қоныстанған.

Қысы алты айға жуық созылып, аязы минус 40 градусқа дейін жететін бұл аймақтарда жер аударылғандар алдымен шатырларға қоныстанып, кейін жер үйлер тұрғызған. Ауыр аштықтан жапа шеккен поляктар жергілікті халықтың көмегінің арқасында аман қалды. Олардың айтуынша, оларға сенімдері де күш берген.

Поляктар дәстүрлі түрде католик дінін ұстанады. Олар бұл сенімді жаңа Отаны – Солтүстік Қазақстан облысына (СҚО) ала келді. Қазір мұнда қажылар мен туристердің назарын аударатын он католик шіркеуі бар. Облыста әйелдердің сегіз монахтар қауымы, оның ішінде екі монастырь бар. Бірі, Әпкелер қауымы (одақ) монастырьі СҚО әкімшілік орталығы Петропавл қаласында, екіншісі Тайынша ауданы, Озерное ауылында орналасқан. CABAR.asia тілшісі екеуіне де барып, монахтардың өмірі туралы білді.

Өмірінің соңына дейін

1995 жылы Кинга Петкевич Қазақстанға Польшадан келді. Қарт адам үшін (ол кезде Кинга 73 жаста еді) ұзақ және қиын сапарға әйелді «қан шақырған». Мұнда, Солтүстік Қазақстан облысының аумағында оның репрессияға ұшыраған әкесі мен бүкіл отбасы жерленген. Сапардың тағы бір діни себебі болды.

Кинганың әпкесі Мейірімді Ана Құдай Әпкелері қауымының монахы болды. Оны Қазақстанға сол кезде Петропавлда католик шіркеуінің құрылысын бастап кеткен сенімдесі шақырды.

«Сапар алдында әпке епископтың миссионер сауалнамасын толтырып, миссияда қанша уақыт қалғысы келетінін сұрағанда: «Өмірімнің соңына дейін» деп жазған. Бірақ оны бір жылға ғана жіберіп, мерзімі біткесін қайтсын деп айтқан. Алайда әпкеміз кенеттен қайтыс болды. Оны жерлеу рәсімінде Декан әке, қазір архиепископ Томаша Пета: «Қазақстан да Құдайдың мейіріміне ие болуға құқылы», – деп айтқан дейді Петропавлдағы Конгрегация монастырының әпкесі Анастасия Омельченко.

Бұл сөздер Конгрегацияның Бас басшысы үшін әпкелердің Қазақстанда қызметін жалғастыруға шақыру болды. 1997 жылы 22 маусымда Польшадан Қазақстанға алғашқы үш монах әйел келді. Мұны Солтүстік Қазақстандағы Әпкелер қауымы монастырь тарихының бастауы деуге болады.

Азапқа толы жер

Монастырь үшін жергілікті католик шіркеуі Петропавл қаласының орталығында қираған үйді сатып алып, оны қалпына келтірді. Бұл жер бір кездері аурухана ғимараты болған.

Солдан оңға қарай Ангелина, Бакита, Анастасия әпкелер

«Біздің мүшелеріміз мұнда тіпті дәлізде кезекте отырғандарды да ұмытпаған. Біз аумақты күтіп-баптап жүріп әлі күнге дейін медициналық құралдар тауып аламыз», – дейді Ангелина Столяревская әпке.

Әйелдің қадір-қасиеті – бұл қауымдағы монахтар үшін өзекті тақырыптардың бірі. Ұйымды ХІХ ғасырда Тереза ​​Ева Поточка «терең моральдық жаңаруды қажет ететін» әйелдерді тәрбиелеу үшін құрған. Басқаша айтқанда, монахтар белгілі бір себептермен қоғамнан шеттетілген, мысалы, жезөкшелікпен айналысқан әйелдерге көмектескен.

Қазір Петропавлдағы монастырда үш монах әйелмен бірге колледждерде зайырлы білім алып жатқан жеті жасөспірім қыз тұрып жатыр. Әдетте, әпкелерге жақын маңдағы ауылдардан жағдайы нашар немесе толық емес отбасынан шыққан қыздар келеді. Қыздар монастырда өз бетінше өмір сүруді үйрене алады.

Сондай-ақ әпкелер миссионерлік қызметпен де айналысады – олар адамдарға діни көзқарастары, мейірімділік туралы әңгімелейді, әйелдерге арналған кездесулер өткізеді, мүшелерінің балалары мен жастарына діни білім берумен айналысады және көмек сұрап келгендерге қолдарынан келгенше көмектеседі.

Бакита Воронова әпке сахнада

Монахтар шығармашылыққа да уақыт табады. Озерное ауылында жыл сайын өтетін католик жастар фестиваліне әпкелер Петропавл театрларының әртістерімен бірге Ханна Хернардтың «Артқы аяғы биікте» аттас кітабы бойынша қойылым дайындаған. Қойылым қыздың қалай діндар христианға айналғанын баяндайды. Басты рөлді Бакита Воронова әпке сомдады.

 

Балығы бар Құдай ана

Ешқандай шығармашылық та, монастырдан шығу да жоқ – Солтүстік Қазақстандағы басқа монастырде сопы монах әйелдер осылай өмір сүреді. Бұл монастырь Құдайдың мейірімі және Мәриямның бейкүнә жүрегі деп аталады. Ол 2007 жылдың маусым айында көл жағасында пайда болды. Орын кездейсоқ таңдалмаған.

Кармелиттер монастырі

1941 жылы наурызда көл кенет ерігеннен кейін су мен балыққа толады. Бұл аштықты бастан кешіп жатқан Озерное ауылына Украинадан жер аударылған поляктар үшін құтқару болды.

«Біз мұнда осындай жағдайда қол ұшын беріп, соңғысын бөліскен қазақтарға қоныстанушылар ризашылықтарын білдірген көптеген әңгімелер естідік. Қазақстар оларға кеңес беріп, көмектескен. Осының арқасында көп адам аман қалған», – дейді Елизавета әпке (Эльжбета Яблонка).

Елизавета әпке (оң жақта)

Қиын-қыстау кезеңде және өмірдің ең қажетті сәтінде көлдің пайда болуын діндар ауыл тұрғындары Құдай Ана көрсеткен керемет деп сенді.

Қазір Озерное аумағында католиктер құрмет тұтатын діни орындар бар. 1992 жылы мұнда Бейбітшілік патшайымының шіркеуі салынды. 1997 жылы құтқарылған адамдардың өмірі үшін алғыс ретінде көлде балық аулайтын торы бар Құдай ананың мүсіні қойылды. Бұл мүсінді Польшада Иоанн Павел II Әке бағыштаған. 1998 жылы Қазақстандағы барлық қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ретінде биіктігі 12 метр крест орнатылды.

Крест

Кресте қазақ, поляк, орыс және неміс тілдерінде дұға сөздері жазылған:

Құдайға – мадақ

Адамдарға – бейбітшілік

Азапталғандарға – Иманды болсын

Қазақстан халқына – алғыс

Қазақстанға – өркендеу.

Монастырдағы төрт монах әйел күніне сегіз немесе одан да көп сағат осы үшін дұға етеді. «Біз әрқашан қайғы-қасірет шеккендер және шегіп жатқандар үшін дұға етеміз. Қазір Украина мен Ресей, Израиль мен Палестина және біз білмейтін басқа елдерде соғыс жүріп жатыр: бізде интернет жоқ. Біз бүкіл адамзатты құтқару үшін Құдайды мадақтаймыз», – дейді Елизавета әпке.

Төрт монах әйел шамамен 15 жыл бұрын Польшадан келген және содан бері қауымнан шықпаған, монастырге келушілермен өте сирек және шілтер арқылы сөйлеседі. Осылайша олар мінажат етуге оқшауланған Мәсіхтің әрекетін қайталайды.

Қажылар үйіндегі монахтар
Қазақстанның ұлттық ғибадатханасы

2011 жылдан бастап Қазақстан католик епископтары конференциясының шешімімен Озерное республиканың ұлттық ғибадатханасы болып жарияланды.

Озерное ауылына Ресей, Польша, Германия сияқты елдерден келген діндарлар қажылық етеді. Мұнда жыл сайын католик жастар фестивалі өтеді, онда еліміздің әртүрлі аймақтарынан және шет елдерден католиктер келеді.

Әке Мариуш туристермен бірге

Келесі жылы қауым басшысы Мариуш Ставаж әкенің айтуынша, Озерноеге «Ұлы Дала Анасы» белгішесін әкеледі. Қазақтың ұлттық нақышындағы Құдай анасы мен баласы бейнеленген иконды алматылық суретші Досбол Қасымов салған. Өткен жылы Қазақстанға сапары кезінде Рим Папасы Франциск бұл иконға жеке өзі батасын берген. Қазір ол Астанадағы католик кафедрал соборында тұр. Озерноеде «Ұлы Дала Анасы» киіз үйге қойылады деп болжанып отыр.

«Ұлы Дала Анасы» иконы

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: